Белағаш ауылында ұн комбинаты іске қосылды

Белағаш ауылында 10 жылға жуық қаңырап тұрған ұн комбинаты қайта іске қосылды. Кәсіпорынның ашылғанына әсіресе жергілікті тұрғындар қуанып отыр.

Біріншіден, екі қолға бір күрек табылды, екіншіден, өңір халқы енді ұнды арзан бағада алады.

Белағаш ауылының тұрғыны Әсем Әліпбаева ұн комбинаты қайта ашылғаннан бері еңбек етіп келеді. Міндеті – мұндағы бүкіл жұмыс процесін бақылау. Арасында шағын техника көмегімен қапталған ұнды тиейді. 

Әсем Әліпбаева, қойма меңгерушісі:

- Осы техникамен жүруді үйреніп алдым. Ұн тасимыз. Одан бөлек бидайдың қалдықтарын жертөлеге апарамыз. Ауылда осындай жұмыс болғанына қуанамыз. Неге десеңіз, ауылымыз шағын. Жұмыс орындары аз ғана.

1930 жылдан 2013 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істеген комбинат6 кейіннен он жылдай тұралап қалды. Ал қазір күніне 40, айына 500-600 тоннаға дейін бидай өңдеп, жоғары, бірінші және екінші сортты ұн шығарады. Өндірілген өнім ішкі нарықтан бөлек шет мемлекеттерге де эскпортқа жөнелтілуде.

Шамиль Нұрмұхамбетов, ұн комбинатының директоры:

- Өткен жылы Ауғанстан мен Түркіменстанмен келісімшартқа отырып, 4 вагон ұн жөнелттік. Бір вагонда 68 тонна ұн бар. Басты мақсатымыз – жергілікті халықты отандық өніммен қамтамасыз ету. Сондықтан ішкі нарыққа басымдық береміз.

Бақтияр Құдайбергенов, Бородулиха аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Бұл комбинат ашылғалы бері халық арзан бағадағы ұнға қол жеткізе бастады. Нан пісіретін жеке кәсіпкерлер де осы жерден ұн алады. Екіншіден, 60 адамға жұмыс орны ашылды.

Инвесторлар Белағаштағы ұн комбинатын жаңғыртуға, құрал-жабдықтар алуға 400 миллион теңге жұмсапты. Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта 200 адамды жұмыспен қамтитын май зауытын салуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов