Шымкентте автобус жүргізушілері кезектен тыс аттестациядан өтеді

Шымкенттегі кешегі оқиғадан кейін автобус жүргізушілеріне талап күшейеді. Барлық тасымалдаушы компанияның жүргізушілері кезектен тыс атестация тапсырып, тексеруден өтеді.

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мәлімдеді.

Қоғамдық автобус мына біз тұрған Бейтереков көшесі бойымен Назарбеков көшесіне дейін құлдилаған. Көлік басқаруында кісі болмағандықтан жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы бағытына шығып, жаяу жүргеншілерді қағып өткен. Қайғылы жағдай кеше кешкісін бейуақытта тіркелді. Яғни халық арасында айтылатын апақ-сапақта бес отбасы қара жамылды.

Қазір оқиға орнында қан іздері, автобустың сынған әйнектері әлі жатыр. Халықты шошытқан жағдайдың бейнекадрлары желіде лезде тарады. Онда адамдардың бағдаршамның жасыл түсін күткенін көруге болады. Сол сәтте автобус ту сыртынан келіп, біразын жаншып өткен.

Досмұхан Нұрсейітов, куәгер:

- Осы жерде тұрамыз ғой. Терезеден көргеннен кейін қыздарымыз айтты осы жерден 5 минут алдын өткен екен. Қызым телефон шалып, папа абайлаңыздар мына жерде автобус біздің үйге кіріп кетейін деді деп қоңырау шалды. Жүгіріп келгенім сол келсем мына жерде адамдар жатыр екен.

Осы қайғылы жағдайдан 5 адам опат болды. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Тағы бірі ауруханада жатыр.

Лаура Нақыпқызы, қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:

- Үшінші науқас №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол науқастың қазір жағдайы қалыпты, орташа. Нейрохирургия бөлімінде ем алуда. Дәрігерлердің бақылауында.

Жүргізушінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды. Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі тасымалдаушы компаниялардың барлық жүргізушілері қайта атестациядан өтетінін мәлімдеді.

Мұхтар Қоқанбаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі:

- Бұдан кейін тасымалдаушы компанияларға талап өте қатты күшейеді. Бірінші талабымыз әрбір тасымалдаушы қазір осында 10 тасымалдаушы компания отыр. Негізі осы 10 компания бар қалада. Әкімшілік полиция басқарамасы басшысының орынбасары келіп отыр. Шұғыл түрде. Кезектен тыс атестация өткізулеріңіз керек. Шұғыл түрде. Барлық жүргізушілерді.

Ал тасымалдаушы компанияның өкілі жүргізуші өз ісіне немқұрайлы қарған,- дейді.  Өйткені белгісіз себеппен жол жиегіне тоқтап, автобусты қараусыз қалдырды әрі ондағы бақылау камерасынан оның қол тежегішін тартқан, тартпағаны көрінбейді.

Азат Қайыпбеков, көлік компаниясының директоры:

- Автобусты өшірмей ручный тормозға қойғанын нақты көз жеткізбей, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секунд қозғалмай тұрған. Нақты белгісіз себептермен автобус 30-40 секунд шамасынан кейін жәймен төмен қарай жүріп кеткен.

Қайғылы жағдайға қатысты істің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды. Әзірге белгілісі автобус паркі қаза болғандардың отбасына материалдық көмек көрсетуді толық өз мойнына алды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов