Үкімет ауылды дамыту тұжырымдамасын бекітті

Ел Үкіметі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тұрғындардың 90%-і өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Ауылдық елді мекендерде қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары субсидияланады. Тұжырымдамада топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын жаңғырту бойынша жоспарлар бар. Шағын шаруашылықтарды біріктіру және кооперативтер ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, өнім көлемін арттыруға, делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.