Түркістан облысында қызанақтан қауіпті вирус анықталды

Түркістан облысында сырттан әкелінген 43 тонна қызанақтан қауіпті вирус анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақша дақылы Түркіменстан, Өзбекстан және Ираннан жеткізілген. Сарыағаш ауданындағы шекара бекетінен өткізу кезінде еліміздің фитосанитариялық бақылау қызметінің инспекторлары көкөністен «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы» мен «қызанақтың қола түстес тоспо вирусын» тапты. Облыстық аумақтық инспекцияның қызметкерлері карантиндік заң талаптарына сәйкес жүк иелеріне әкімшілік шара қолданып, өнімді кері қайтарды. Мамандар егер қауіпті қызанақ ел аумағына өтетін болса, бақша дақылын өсіретін жылыжайлар мен ашық алқаптағы көкөністердің 50%-тен астамын бүлдіретінін айтады. Томат өнімдерінің мұндай қауіпті вирусы соңғы 3 жылда Еуропа, Азия мен Америкада тараған.

Ибрагим Бекасылов, облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Сонымен қатар Иран, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде де анықталып отыр. Осындай карантиндік аурулардың енгізілуі мен өнімді зиянкестерден қорғау мақсатында жыл басынан бері 20-ға жуық заң бұзушылық анықталған. Өсімдік карантині инспекциясы тарапынан 2 млн теңгеден астам айыппұл салынып, өнімдер келген жағына кері қайтарылды.