Талдықорғандықтар ауылға автобус жүрмейтінін айтып шағымданды

Талдықорғандағы 3-бөлімше тұрғындары ауыл ішіне автобус кірмейтінін айтып шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көлік жүргізушілері жолдың жамандығын көлденең тартып, жолаушыларды ауыл сыртынан түсіріп кетеді. «Оқушыларға қиын. Балаларымыз үйге сабақтан жай келіп, мектепке кешігіп барады», - дейді ата-аналар. Тіпті балалар басқа автобусқа үлгеру үшін «Алматы-Өскемен» республикалық тасжолын кесіп өтеді. Сол себепті ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды. Жергілікті атқарушы билік жолаушы тасымалдаушы компания басшылығымен келіссөз жүргенін, қоғамдық көліктер бүгіннен бастап 3-бөлімшеге кіруге міндеттелгенін айтады.

Таңат Арынжан, оқушы:

- Мысалы, мен таңертең тұрамын да, қараңғы болмай автобусқа келемін, мына мешітке. Менің үйім анау алыста, бірақ та қараңғы болады мен тұрған кезде. Мамам 2 баламен үйде отырады. Мамам, сөйтіп, күнде апарып тастай алмайды. Сабағыма кешігіп барып жүрмін.

Диас Ахметқалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Автобус бүгіннен бастап шағын ауданның ішіне кіретін болады. Бұрынғы жүріп жүрген көшесімен бүгіннен бастайды. Мен өзім уәде беремін. Кірмей қоймайды емес, кіреді. Өзім бірге қазір автобуспен жүріп шығайын қазір, керек болса. Кеше автобуспен тасымалдайтын басшылармен сөйлестік. Ол кісілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдың ішімен жүретін болады.