«БолашақК» ҚҚ Атыраудағы емхана мамандарына семинар-тренинг өткізді

Елімізде дамуы тежелген бала саны көбейіп барады. Атырау облысының өзінде 4 мыңға жуығы есепте тұр. Бұл мәселенің негізгі шешімдерінің бірі – «Ерте араласу» бағдарламасын енгізу. Баланың дамуындағы ақау неғұрлым ерте анықталып, түзету шаралары ерте басталса, оңалту нәтижелері соғұрлым тиімді болады. Бұл бағдарлама ауытқуларды азайтуға және алдын алуға бағытталған. Осыған орай «БолашақК» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы №7 емхана мамандарына семинар-тренинг өткізілді. Іс-шара «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Атырау облысында «Ерте араласу» бағдарламасын еңгізу» жобасы бойынша жүзеге асып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылыой ауданының тұрғыны Әсемгүл Кереева 1 жасар ұлын 10 шақты күннен бері «БолашақК» орталығына оңалтуға әкеліп жүр. Баланың дамуында тежелу барын анықтаған Жылыой аудандық ауруханасының мамандары «Ерте араласу» бағдарламасы бойынша науқасты «БолашақК» оңалту орталығына жіберген.

Әсемгүл Кереева, Жылыой ауданының тұрғыны:

- Жақсы нәтижелер көріп отырмыз. Баламыз аяғын басуға тырысады. Отыруға тырысады, заттарға ұмтылады. Басын көтереді. Көбірек аунауға тырысады. Шалқасынан жатып, орнынан қозғалуға тырысады. Біз осындай жақсы нәтижелер көріп отырмыз.

№7 қалалық емханада өткен семинар-тренингке 68 маман қатысты. Олар «0 ден 3 жасқа дейінгі балалардың қимыл-қозғалысы және сөйлеу-ойлау дамуы; дабыл белгілері» тақырыбы бойынша дәріс тыңдады. Қазір емханада балалардың даму қарқынын анықтайтын арнайы кабинеттің жұмысы жолға қойылған.

Гүлнәфис Танбаева, №7 қалалық емхананың директоры:

- Ерте анықтау арқылы артта қалушылық байқалатын болса, онымен біздегі учаскелік дәрігер, педиатор, сонымен қатар реабилитолог,психолог-логопед, дефектологтар жұмыс жасайды.

Ерекше қажеттіліктері бар бала саны жыл сайын өсіп барады. Олардың дамуындағы тежелуді уақытылы анықтау маңызды. 

Гүлмира Жұмашева, «БолашақК» ҚҚ Ерте араласу жөніндегі маманы:

- «Болашақ» оңалту орталығында 1 квартал бойына 800 бала «Ерте араласудан» өтті. Қазіргі уақытта, сәуір айында «Ерте араласу» жобасы бойынша 12 бала оңалту алып жатыр.

«БолашақК» қоғамдық қорының «Ерте араласу» бағдарламасы аясында оқыған мамандар шаһардағы №1 емхана мен Жылыой аудандағы орталық ауруханасында да жұмыс істеп жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев.