А.Сәтқалиев: Жанармай ұрлығы тыйылмай тұр

Отандық бензин мен дизель жанармайын автокөлікпен және теміржолмен экспорттауға салынған тыйым мерзімі биыл ақпан айынан бастап ұзартылғаны белгілі.

Бірақ бұл заңға шекеден қарайтындар азаймай отыр. Мәселен, шикізат өнімін сыртқа шығаруды шектейтін соңғы бұйрық шыққалы 300-ге жуық заң бұзушылық тіркелген. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев арнамыздағы "Экономика" бағдарламасында берген сұхбатында айтты.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Мұнай өнімдерін заңсыз экспорттау бойынша 288 қылмыс анықталды. Оның ішінде "көлеңкелі экспорт" деген де бар. Бензин мен дизельді шекарадан білдіртпей өткізгісі келетіндер жеңіл көлігін сыйымдылығы үлкен қосымша бакпен жабдықтайды. Бір күннің ішінде бірнеше мәрте тасымалдайды.

Ведомство басшысы ел батысындағы әлеуметтік және экономикалық мәселелердің алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы айтты.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Ел батысын дамыту бойынша бірқатар жұмыс істеп жатырмыз. Энергетика министрлігі тарапынан атқарылып жатқан ірі жобалар бар. Бұл бірінші кезекте жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Оның ішінде, Атырау облысындағы газ-химиялық кешен, полипропилен, полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттардың құрылысы да бар. Осы арқылы бірнеше ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылады.