Атырауда колледж студенттері төбелесті

Атырауда 3 студент өздері қатарлы бозбаланы аяусыз тепкілеп жатқаны туралы видео әлеуметтік желіге тарады. Оқиға аграрлық-техникалық колледжінің ауласы сыртында сабақтан соң болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Колледж директорының айтуынша, 9-сынып бітіріп келген бірінші курстың 2 студенті арасында өзара келіспеушілік болған. Видеодағы тепкілеп жатқан екеу досына көмекке келген политехникалық және көлік және коммуникация колледжінің студенттері болып шықты. Мұғалімдер дереу полицияға хабарлап, ата-аналарын шақыртқан. Бұл жағдай құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен  колледжде талқыланды.

Ислам Жанұзақов, аграрлы-техникалық колледжінің директоры:

- Реніштің ар жағы: ұялы телефон жоғалады, соны бір-бірінен көреді. Сондай жағдайдан басталады. Жалпы, ауданнан келген балалар мен қаланың балалары арасында бір-бірімен түсініспеушілік болып тұр.  Ар жағы төбелеске ұласып кетіп тұр.

Қаршыға Дүйсенғалиев, қалалық полиция бөлімінің басшысы:

- ҚК 293-бабы ІІ-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта студенттер анықталып, ішке жеткізіліп, ата-аналармен жұмыс жүргізілді. Бұл бағытта жәбірленушінің сараптамасы аяқталғаннан кейін ары қарай айтылатын болады.