Маңғыстаулық малшыларды субсидияның аздығы қынжылтады

Асыл тұқымды мал өсіруге берілетін субсидия көлемі тым аз әрі кеш беріледі. Маңғыстаулық малшылар осылай дейді.

Ыстық әрі құрғақ өңірде төрт түлік өсіріп отырған шаруалар мемлекеттен қаржылай қолдау жылына бір рет емес, бірнеше рет қарастырылуын сұрайды. Олардың айтуынша, жем-шөп алу үшін мал басына бөлінетін субсидия 5 мың теңгеден аспайды. Соның өзін жылдың соңында алады екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстау облысында ірі шаруа қожалықтарының көпшілігі Қарақия ауданында тіркелген. Мәселен, мына шаруашылықта 2 мыңнан аса шопан ата тұқымы өсіріліп жатыр. Өзгелерден ерекшелігі сол, малшылар 20 жылға жуық уақыт асыл тұқымды қаракөл қойын бағып, еті мен терісін нарыққа шығарып келеді. Шаруашылықты дамыту үшін мемлекеттен бөлінетін субсидияны көбейтуді сұрайды.

Аманжол Тасмағанбетов, шаруа қожалығының қызметкері:

- Мемлекеттің көмегінсіз біз ауылшаруашылығын дамыта алмаймыз. Ол –анық жағдай. Бізге беріліп жатқан субсидия бар ғой, 4 мың теңгеден. Ол аз. Әр қойға кем дегенде 10-15 теңгеден көмек керек бізге. Мал шаруашылығын дұрыстап жүргізу үшін Маңғыстау жағдайында.

Тағы бір шаруа қожалығы 2021 жылы агронесие ұйымы арқылы 200 қаракөл қойын сатып алған. Сол кезде болған қуаңшылықта кәсіпкер біраз қиындық көріпті. Бірақ бәрін өз күшімен жеңіп, асыл тұқымды түлік санын екі есеге көбейткен.

Елемес Сәрсекенов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Субсидия Үкімет тарапынан беріліп жатқан жоқ деп айтпаймын. Берілді, бірақ ол көмек кеш келді. Себебі қараша айында алдық. Қойға 5 мың теңгеден берді. Қазір бір қап арпа 4700 теңге тұрады. Жылдың басында берсе, сол дұрыс көмек болар еді шаруа қожалықтарына. Яғни, жазда баға төмен болады жем-шөпке.

Маңғыстау өңірінде 70-ке жуық шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсіреді. 2021 жылы субсидия мөлшері ірі қараға 10 мың, қой-ешкіге 2,5 мың теңге болып бекітілген. Ал былтырдан бастап екі есеге өсті. Ескеретін бір жайт, бұған дейін мемлекеттен қолдау түлік санына қарай көрсетіліп келген.

Бердібек Марқабаев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ірі қара саны 25 болу керек, уақ малдың саны 130-150 басқа дейін болуы керек болатын. Сондай талап болды. Қазіргі таңда оның барлығы алынып тасталды. Қазір 1 малы бар адамдар да алады. Тек бұл жерде шаруа қожалығы болып тіркелуі керек. Құжаттарын жинап, тексеріп содан кейін барып біз оны төлейміз. Аз дегенге айтарымыз, жылдан жылға өсіріп келе жатырмыз ғой.

Қорыта айтсақ, субсидия дегеніміз шаруа қожалығына берілетін кішігірім мөлшердегі қаржылай қолдау ғана. Яғни, мемлекет кәсіпкердің толық шығынын өтеуге міндетті емес. «Жалпы биылғы жылы жем-шөп алу үшін облыс бюджетінен 818 млн теңге бөлінді. Соның жартысына жуығы игерілді», - деді әкімдік өкілі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.