Солтүстік Қазақстанда көне мешіт қайта жаңғыртылды

Солтүстік Қазақстанда 19 ғасырда салынған мешіт қайтадан жаңғыртылды.

Тоз-тозы шыққан ғимараттың іргетасы күшейтіліп, шатыры толығымен ретке келітірілді. Бастысы ол бұрынғы қалпын жоғалтқан жоқ.

Қасиетті Рамазан айында көне нысанның ашылуы өтті. Оған еліміздің Бас Мүфтиі, облыс әкімі және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аталған мешіт 1857 жылы тұрғындардың өтінішімен салынды. Медресесі де болған. Бірақ өткен ғасырдың 30 жылдары солақай саясаттың кесірінен өңірдегі барлық мешіттер жабылып қалды. Сол кезде бұл ғибадатхана жергілікті зауыттың қоймасына айналған. Оның осы күнге дейін сақталуының сыры осында жатыр. Ал мешіттің маңызды құжаттарын мамандар көрші елден тапқан.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

- Біз көптеген зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ол жұмыстар Омбы архивінде, Тобольск архивтерінде, одан кейін Башқұрстанның Уфа архивінде және оның ең негізгі құжаты Ресейдің Санк- Петербургтің тарихи архивінде табылды.  

Көненің көзіндей болған тарихи нысандағы қайта жаңғырту жұмыстары былтыр басталған еді. Қасиетті Рамазан айында ол қайтадан ашылды. Тек бұл жер енді Ислам мәдениетінің музейіне айналмақ.

Жарасбай Сүлейменов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы:

- Біз мынау ұлттық құндылықтарымызға сүйіспеншілікпен қарайтындай деңгейге жеткізуіміз керек. Біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемедұлы Тоқаевта ел тізгінен қолына алғаннан бері осы мәселені назарда ұстап, күн тәртібінен түсірмей келе жатыр.

Бастысы ғимараттың бастапқы келбеті, минареті еш өзгертілмеді. Жаңғырту жұмыстарына 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов