Түркістан жұрты Қадір түнін қалай қарсы алып жатыр? LIVE

Айлардың сұлтаны Рамазан болса, түндердің ең қасиеттісі Қадір түні. Бүгін барша мұсылман қауымы Қадір түнін қарсы алып, Аллаға мінәжат етеді.

 Жандос Жұмабек, тілші:

- Қасиетті Қадыр түнінде Алладан тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Бүгін – мұсылман қауымы үшін мың айдан да қайырлы Қадір түні. Біз қазір Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық мешіттің жанында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Қадір түнін қарсы алу үшін мешітке келіп жатқан адамдардарың қарасы қалың.

Мұнда жиналған жамағатқа мешіт имамдары Қадір түнінің қасиеті мен хикметіне қатысты салиқалы әңгіме құрып, уағыз-насихат айтып жатыр. Иісі мұсылман қауымы бұл түнді Құдайға құлшылық жасап, дұға етумен өткізеді. Өйткені Қадір түнінің берекеті мен құлшылық сауабы 83 жыл жасаған мінәжаттың сауабына тең келеді. Бұл түнгі ғибадат, құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық. Бұл түні періштелер көктен түсіп, жер бетінде береке орнайды. Қадір түні қасиетті Құран Кәрім түсе бастаған. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады.

Құрметті көрермендер! Қадір түніндегі ғибадаттың сауабы өте көп. Дін ғұламалары: «Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді құлшылықпен өткізген адамға 83 жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», ‒ деп баяндайды. Олай болса, Қадір түніндегі құлшылықтарыңыз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын, құрметті ағайын!