Қонаевта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек орталығы жұмысын бастады

Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік көмек көрсету орталығы жұмысын бастады.

Өңірде әйелдерге қатысты қылмыстық оқиғалар жиілеп барады. Өткен жылы  43 әйел соққыға жығылып,  8 зорлау фактісі тіркелген. Көп жағдайда әйелге қол жұмсау, қорлық көрсеу әрекеті тұрмыстық жанжалдан туындайды. Бірақ, үрейленген қыз-келіншектер басындағы жағдайды сыртқа шығармайды. Кейде қайда барарын да білмей, тауқымет тартады. Осындай кезде ең алдымен құқық қорғаушыларға хабарласып, бар шындықты жасырмай айту керек дейді мамандар.

Қапшағай жағасындағы жал-жал толқын жағаға келіп соғылады. Жағалудағы сәбилер бұл қызықты көріністі тамашалап мәз. Өйткені, олар көлді алғаш рет көріп тұр. Әке-шешесінің арасындағы бітпес ұрыс керістен, жанарлары жәутеңдеп қалған. Олар аналарымен бірге Қонаев қаласында ашылған әлеуметтік көмек көрсету орталығына шалғай ауылдан жеткізілді. Мұнда еш уайым қайғысыз  бөлмесінде  асыр салып ойнайды. Аналары Ақжолтай бес жыл бұрын тұрмысқа шыққан еккен. Осы уақытта үш баланы дүниеге әкеледі. Бірақ күйеуімен көңілі жараспай, арада жанжал туындай берген. Оған басты себеп орынсыз қызғаныш болған.

Ақжолтай Дүйшенқұлқызы, облыс тұрғыны:

- Үйден шығармайды. Далаға, көшеге шықпаймын. Құр үйде ғана отырамын үш баламенен. Әрі-бері жүрмеймін. Күйзеліске түсіп кеткем. Мына жақтағылар көмектесті. Содан шықтым. 

Орталықта  психологиялық, құқықтық және медициналық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.  Мекемеге тағдыр тауқыметін тартып, отбасылық қиндыққа тап болған әйелдер қабылданады. Егер тұрмыстық әлеуметтік жағдайы жақсармаған жағдайда оларға бұл жерде 6  айға дейін тұруына рұқсат. Осында киім тігіп, білімдерін жетілдіріп, үш мезгіл  тамақтанады. 

Раушан Алпысбаева, орталық директоры:

- Жұмыспен қамту орталығына шығып, соларды үш айлық курстарға оқытып, ол әйел қандай кәсіпке икемі бар сол іспен айналысуға тырысамыз. скл Егер де балалары осы тәрбиешіге тапсырып жұмысқа да шығуларына болады. 

Өткен жылы облыста кісі қолынан алты әйел ажал құшты. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 27 қылмыс жасалған. Зорлау фактілері де бар. Үнемі ұрып-соғу, үркітуден көз ашпайтын әйелдер әбден қорқып, нақты әрекет жасай алмай, жан күйзелісіне түседі. «Егер жұбайы оған жаны ашымаса, жиі қол жұмсаса дереу сенім телефонынына хабарласу керек» дейді полиция қызметкерлері.

Динара Аятбекова, облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы:

- Бізде 1307 номерлі Call орталық және сенім телефоны бар. Егер осы байланыс нөмірлеріне хабарлама келіп түскен жағдайда аудандық жедел уәкіл мен инспекторлар мекен-жайға барып, жанжалдың себеп салдары анықталады. Күш көрсеткен жолдасына немесе өзге туыстарына қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылады. Ал жәбірленушінің барлық құқы мен қауіпсіздігі заңмен қорғалады. 

Жалпы өткен жылы облыста тұрмыстық зорлық көрген 86 әйел құқық қорғаушылар көмегіне жүгінген. Олардың барлығы Алматы қаласындағы дағдарыс орталығына жіберілген. Ал Алматы облысында алғаш  рет ашылған ана мен балаға көмек көрсету  мекемесінің 50 адам қабылдайтын мүмкіндігі бар.  

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев