Қызылорда облысы Шиелі ауданында 1520 отбасы егін егуге кірісті

Қызылорда облысы Шиелі ауданында 5 мың гектар жерге 1 520 отбасы егін егіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларға суармалы жыртылып, тегістелген дайын жер телімдері, тегін үлестірілген. Бұл – аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі шаралары аясында қолға алынған бастама.

Жалпы, су тапшылығы сезілген соңғы 4-5 жылдан бері, ауданда күріш көлемі азайып, суды аз қажет ететін дақылдар көлемі көбейді. Биыл Шиелі ауданында 30 538 гектар жерге егін егіледі. Оның 12 мың гектары күріштің үлесінде. Ыбырай Жақаев, Алмалы ауылында ондаған отбасы ырыс-несібесін жерден теруге кіріскен. Олар қауын-қарбыздан бөлек, көкөністің ерте пісетін бірнеше түрін жеңіл жабынды астына егіп, баптап жатыр. Мамыр, маусым айында алғашқы өнімді жинай бастаймыз, - дейді еңбеккерлер.

Асқар Бердібаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Тамшылатып суарғанның бір пайдалылығы, суды үнемдейді, екіншіден, тыңайтқышты беру жағы тиімді. Аз тыңайтқышты пайдаланады.

Мұрат Әшірбеков, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қызанақтың өзін экспортқа былтыр 1,5 мың тоннадай шығардық. Бақшаның өзінен 3 мың тоннадай шығардық. Қазір 5-6 жыл болды, осы Шиелінің қызанағын сыртқа Солтүстік облыстарға Ақтөбе, Ресейге, Қырғызстанға тасымалдап жатырмыз.