ШҚО-дағы «Үйдене» су қоймасы апатты жағдайда

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан ауданының халқы «Үйдене» су қоймасынан үрейленіп отыр.

Ол бекер емес. Өйткені гидроқұрылғының тозығы жеткен. Осыдан 5 жыл бұрын апатты деп танылды. Содан бері бір бұрандасы ауыспады. Негізі 75 миллион текше метр су сыятын қоймаға қазір 45 миллион текше метр су жинауға рұқсат берілген. Нысанның төрт магистарлды каналы, ұзындығы  340 метрден асатын екі құбыры бар. Құз жартастың ортасындағы  ерекше бөгеттің аудан үшін маңызы айырықша. Ондаған мың гектар жерді суарып, Зайсан қаласымен қоса, бірнеше елді мекенді тіршілік нәрімен қамтиды. Алайда салынғанына 60 жыл болып қалған стратегиялық гидроқұрылғының қиын жағдайы туралы талай айтылса да нәтиже жоқ. Алда-жалда бөгет жарылса бірнеше ауылды су шайып кетуі ықтимал.

Бақытжан  Наққазин, «Үйдене» су қоймасының директоры:

- Бұл құрылғылар 1966 жылдан бері пайдаланып, келе жатқан құралдар. Қақпалар тозған. Болттары бәрі шіріп  тот басқан. Қазіргі уақытта  бұл жұмыстарға 2 млрд 300 милиондай ақша сұралып, жоғарғы жаққа жіберілген.