ҰҚК: Күдебаев таулы аймақ арқылы қашып кетуі мүмкін

Полиция генералы Серік Күдебаев Қазақстаннан тау арқылы қашып кеткен болуы мүмкін. Бұл жөнінде Сенат қабырғасында Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов айтты.

Қазір іздеуде жүрген генералдың Қырғызстанның аумағына нақты қай жерден өтіп кеткені анықталып жатыр. Болжам бойынша, Серік Күдебаевқа таулы жерлер арқылы Қазақстаннан қашуға жолды жақсы білетін біреулер көмектесуі мүмкін. Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, қазір көрші мемлекетте, осыған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Ерлан Алдажұманов, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры:

- Серік Күдебаев елімізден таулы аймақ арқылы қашты деген болжам бар. Өзінің туған ауылы сол жақта. Ол жерде жеке шаруашылығы бар. Сондықтан біз осы тау арқылы көрші елге қашып кетті деп отырмыз. Қырғызстанмен шекарадағы Іле Алатауының жалпы ұзындығы 672 шақырымға жетеді. Қазір тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.