Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау саласындағы түйіткілдерді көтерді

Қолжетімді медицинаға қол жетпей тұр. Мәжіліс депутаттары денсаулық сақтау мәселесіндегі түйіткілдерді көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, емханалар ұзын-сонар кезекті қолдан жасап отыр. Ал осыдан науқастар амалсыз ақылы клиникаларға қаралады. Сонда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды неге төлеп отырмыз деген заңды сауал туындайды.

Басы ауырып, балтыры сыздаған жұрт қолжетімді медицинаның қызығын көре алмай жүр. Өйткені науқастар емханада емделу үшін кезекке тұруға мәжбүр. Ал ол бірнеше айға дейін созылып кетуі мүмкін. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл мәселені қолдан жасап отырмыз. Шын мәнінде, қаржыландыруды оңтайландырып, науқасты уақытылы емдеуге болар еді. Алайда дәрігерлер қағазбастылыққа салынған. Соның кесірінен олар қазір науқастың жанымен емес, құжаттың санымен алысып жүр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Дәрігерлер пациенттерді тексерудің орнына компьютерге телміріп, деректерді толтыруға мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға уақыты да жоқ. Бір пациентті тексеруге бөлінетін уақыт толығымен құжат толтыруға кетіп отыр. Сондықтан барлық құжатты медбикеге тапсырып, штат санын көбейту арқылы дәрігерлер жұмысын жеңілдету керек және бірыңғай ақпараттық жүйені қосу арқылы жұмысты жедел аяқтау керек.

Ауырып ем іздегенше, әуелі емге жететін ақша ізде. Қалың қараша осылай деп әзілдеседі. Қалжыңды былай қойғанда, расымен, емханадан шипа таппаған жұрт амалсыз ақылы клиникаларға барып жүр. Денсаулығы сыр бергендер мұны жақсы біледі. Қазір медициналық қызметтің құны шарықтап кеткен. Осыдан заңды ой туады. Ай сайын айлықтың бір бөлігін жырып берген медициналық әлеуметтік сақтандырудың қаржысы қайда кетіп жатыр?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Азаматтар қанша қаражат түскенін, қайда және қандай мақсатқа бағытталғанын білуі керек деп ойлаймын. Азаматтарға олардың электрондық денсаулық паспортын білуге толық мүмкіндік беруге болады. Қордың деректеріне сәйкес ақшаны төлеген бірақ көрсетілмеген медициналық қызметтер өте көп. Қор көлемі тек 10%-ін тексергенде көрсетілмеген 52 мың медициналық қызмет анықталды. Ал 100%-ін тексерсек,  500 мың бола ма?

Қолжетімді медицина демекші, алдағы уақытта дәрілердің бағасы 30%-ке дейін қымбаттауы мүмкін. Демек онсыз да қолжетімсіз баға одан сайын аспандай түседі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гүлдара Алданышқызы айтты. Себебі биылдан бастап дәріханаларға талап күшейді. Ал елдегі 10.5 мың дәріхананың 8% ғана әлгі талапқа сай келеді екен. Осының салдарынан 150 дәріхана жабылды. Қазір тағы 300-ге жуығы жабылу үстінде тұр.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір дәріханаға GPP стандарттарын енгізу шамамен 5 млн теңгені құрайды. Аталған стандартты енгізу дәрі-дәрмектің құнына қатты әсер етеді. Баға кем дегенде 27-30%-ке көтеріледі. Кейбір дәрі-дәрмектер сатылымнан жоғалады. Бұдан басқа, бұл нарықтың монополиялануына, дәрілердің көлеңкелі нарығының ұлғаюына, жұмыссыздықтың артуына, салық түсімдерінің азаюына алып келеді.

Осылайша, депутаттар медицина саласының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Медицинаға, ең алдымен, әлеуметтік сала ретінде қарау керек. Депутаттар түйіткілдің түйінін тарқату үшін цифрландыру мен ашықтық керек деді. Одан бөлек, сала мамандарының талабы да орындалғаны жөн.

Авторы: Бекзат Аманов.