Маңғыстау облысындағы еңбек ұжымдарының талап-тілегі тыңдалды

Жаңаөзенге барған арнайы жұмыс тобының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесіп жатыр.

Бүгін олар мұнай компаниясына қарасты химияландыру және экология, сондай-ақ мұнай айдау басқармаларында болды. Кездесуде жұмысшылар өндіріске қажетті техникалық нысандардың тапшылығын алға тартты. Кәсіби кадр жетіспеушілігі де сөз болды. Астанадан келген мамандар айтылған ұсыныс-тілектердің оң шешілуі үшін барлық мүмкіндікті қарастыруға уәде берді. Комиссия өкілдері 1 ай ішінде мұнай өндіруші және сервистік қызмет көрсететін 67 мекемеге баруды жоспарлап отыр. Талдау жұмыстары екі бағытта жалғасады. Кәсіпорындарға аудит жүргізіледі әрі техникалық әлеуеті сараланады.

Қобылан Қарашаев, жұмысшы:

- Техникаларды, олардың жабдықтарын қарайтын автослесарьлардың жетіспеушілігін айттық. Бізге бокс керектігін айттық. Дәнекерлерушілерге де жабдықталған жер жоқ. Сондай кемшіліктерімізді айттық. Олар бәрін жазып алды.

Абат Құтжанов, жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары:

- Жаңа біздер автоколонна мекемесінде болдық. Ол жерде 80 адам қызмет етеді. 70-80 пайызға техникалары жаңартылған. Әрі қарай жұмыстар жалғасуы керек. Бірақ енді қосымша көңіл бөлетін жақтары да бар екен. Ол жаңағы цехтары жөндеуді қажет етеді екен. Сосын мамандығын жетілдіруі бағыты бойынша сұрақтарды қойып жатыр жұмысшыларымыз. Жалпы әріптестеріміздің көзқарасы жақсы деп айта аламын.