Шымкенттіктердің газ есептеуіш құралы негізсіз тексерілген

Шымкенттік тұрғындардың газ есептеуіш құралдарын «Сот – сараптама орталығы» заңсыз тексеріп келген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірдегі өкілдері мәлімдеді.

Аталған мекеме өз құзыретіне кірмейтін міндетті арқалап, есептеуіш құралдарына негізсіз баға беріп отырған. Тіпті газ тұтынушыларына ақау актісі бойынша айыппұл салып, төлетуге мәжбүрлеген. Ол үшін газ таратушы мекемемен екіжақты келісім де жасасқан. Салдарынан нарықтағы өзге бәсекелес компаниялардың құқығы шектелді. Монополияға қарсы департамент талдау нәтижесін хабарлағаннан кейін екіжақты келісімшарттардың күші жойылды.

Ернар Қосбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті басшысы:

- Бұл Сот – сараптама институты тек азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқық қорғау органдарына хабарлама жолдаумен шектелуі керек еді. Алайда олар негізсіз тексерулермен айналысып отырған. Біз сот сараптамасы институтына аталған заңбұзушылықтар туралы хабарлама жібердік. Олар газ таратушы мекемемен екіжақты келісімшарттардың күші жойылғанын айтып, жауап қайтарды. Кейін бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр.