Жамбыл облысындағы қоқыс полигоны көшіріледі

Жамбыл облысындағы Құлан ауылының тұрғындары: «ауыл маңында орналасқан қоқыс полигоны көшірілсе», - дейді.

Себебі аумағы 5 гектар болатын полигон елді мекеннен небәрі 2 шақырым жерде орналасқан. "Тау боп үйілген қалдық қалыпты өмір сүруімізге кесірін тигізіп жатыр", - дейді. Нақтысы, тұрмыстық қоқыс өртелсе, ауылды түтін басады. Оған қоса өлексе иіс қолқаны қабады. Ал жел тұрса полиэтилен пакеттер ұшып, жайылымға шашылады. Соның салдарынан тұрғындар қалдық қаптаған өріске төрт-түлігін жаюға мәжбүр. Ал аудандық әкімдік шағым күшейген соң, полигонды басқа жерге көшіруді жоспарлапты. Бүгінде жер телімін заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр.

Теңгегүл Әзімбаева, Құлан ауылының тұрғыны:

- Кімнің төгіп, кімнің қойып жатқанын, өлекселер, бір бәлелер неғылады менің көргенім. Тазаласын әрине. Экология болмасын. Бала-шаға ауырмасын. Біз уже ауырып біттік. Енді балалар ауырмасын деп жатырмыз.

Қабілет Әбдрахманов, Т.Рысқұлов аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Жаңа полигонның жер телімін заңдастыру жұмыстарын аудандық жер қатынастары бөлімі тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шамамен таңдалған жер телімінің аумағы 5 гектардай. Заңдастыру толығымен аяқталғаннан кейін біздің бөлім тарапынан аталған жер телімге жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, құжаттамасы дайындалғаннан кейін құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.