Балқаш қаласында ерекше безендірілген үй бар

Балқаш қаласында сәні келіскен бір үй бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрсең, көрмеге кіргендейсің. Екі қабатты баспананың ішкі жағы түгел мозайка. Қызылды-жасылды суреттер көздің жауын алады.

Бір қызығы, шебер Юрий Воробьев бұған көп шығынданбаған. Қабырғадағы суреттің бәрін пластик шөлмектердің қақпағымен кескіндепті.

65 жастағы Юрий Воробьевтің 2 жылдан бергі ермегі – осы. Пластик қақпақтарды жіпке тізіп, түрлі картиналар жасайды. Ол үшін әуелі қағазда сызбасын дайындап алады.

Оның зейнетке шыққан кезі тура пандемияға тұспа-тұс келген. Күнұзақ үйде қамалып отырып, іші пысқан соң қызылды-жасылды қақпақтардан сурет тоқи бастайды. Кейін бұл хоббиіне айналған.  

Юрий Воробьев, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Шикізат жеткілікті. Комбинатта әр жұмыскерге күн сайын бір бөтелке су береді. Олар менің ермегімді жақсы біледі. Сондықтан қақпағын ешқашан лақтырмайды. Жинап-теріп, аптасына 1 рет әкеліп тастайды. Кейде 200, кейде 300 дана. Одан бөлек, көршілерім, таныстарым мен туыстарым да шама-шарқынша тасиды.

Юрий Воробьевтің шеберлігіне тәнті болған көршілері оған қолқа салып, дәлізді безендіруді сұрайды. Осылайша, 2 жылда зейнеткер үйдің кіре берісіне түгел сурет салып шыққан. Қабырғасы мен еденінен ертегі кейіпкерлерін, аң мен құстың бейнесін көруге болады. Мұның барлығын жасауға шамамен 60 мың қақпақ кетіпті.

Бұлай безендірудің тағы бір тиімді жағы, жылда қабырғасын сырлап әуре болмайсың, - дейді тұрғындар. Арасында шаңын сүртіп, жуып алса болғаны.   

Әлібек Тасболатов, Балқаш қаласының тұрғыны:

- Қонаққа үйге адамдар келеді ғой, сол кезде суретке түседі. Қызығады, әлеуметтік желіге салады. Біздің дәлізді өстіп бүкіл Қазақстанға танымал етіп жатқанына қуаныштымын.

Шебер дәлізді ғана емес, пәтерін де безендіріп қойған. Барлық бөлмесіне пластик қақпақтан жасалған төсеніш жайып тастаған. Бірқатарын тапсырыс берген адамдарға таратыпты.     

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар