«Skoda Transportation» Қазақстанда зауыт салуды көздеп отыр

«Skoda Transportation» Қазақстанда зауыт салуды көздеп отыр.

Машина жасау компаниясы метро, трамвай, троллейбус, теміржол вагондары, электр пойыздары мен электр автобустарын шығарумен айналыспақ. Өндіріс Алматы және Павлодар қалаларында орналасады. Бұл жөнінде Астанада өткен Қазақстан-Чехия бизнес-форумында айтылды. Жиынның қорытындысы бойынша жалпы құны 230 млн еуроның келісіміне қол қойылды. Тек Skoda Transportation емес, EGAP экспорттық сақтандыру агенттігімен, Чехияның экспорттық банкімен, Тransko компаниясымен де мәміле жасалды. Қазір ел аумағында 200-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Чех бизнесмендері ортақ жобаларды көбейтуге мүдделі. Біздің инвестициялық ахуалға қызығып отыр. Әлихан Смайылов Қазақстан инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып қала беретінін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің стратегиялық міндетіміз – 2029 жылға дейін тағы $150 млрд инвестиция тарту. Еліміздегі инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік төлемдерден босату және т. б. түрлі мемлекеттік қолдау шаралары бар. Экономиканың басым секторлары үшін бөлек арнайы экономикалық және өнеркәсіптік аймақтар қарастырылған. Ол жерге қаржы құятындар барлық қажетті инфрақұрылым мен жеңілдіктер пакетін алады.

Петр Фиала, Чехия Премьер-Министрі:

- "Skoda" көлік компаниясы тау-кен, металлургия сияқты салаларға қажетті техника бере алады. EPA және өзге де компаниялар бар. Олар кеңес дәуірінен қалған ескі көліктердің орнына озық техникалар мен жүйелерді беруге дайын.