Алматыда қазақ-неміс институты ашылды

Алматыда қазақ-неміс институты ашылды. Ортақ жоба экожүйе мен биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында жұмыс істейді.

Осыған орай халықаралық конференция ұйымдастырылып, ғалымдар ауылшаруашылық өнімдерін сақтау және дамыту мәселелерін талқылады.

Әлемге танымал Сиверс алмасы тағы да дүниежүзі ғалымдарының назарын аударып отыр. Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі алма тұқымдастардың көбі дәл осы жабайы жемістен тараған. Әлі күнге дейін жаңа сорттарды жасау жолында кеңінен қолданылады. Бүгінгі күні Сиверс алмасы Іле және Жоңғар алатауында кең тараған. Аумағы 14 мың гектар. Дегенмен жыл сайын азайып барады екен. Сондықтан бағалы қорды сақтап қалу маңызды,-дейді ғалымдар.

Ақылбек Күрішбаев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры:

- Немістермен бірге біз «ұлттық ген банк» құрамыз, деп отырмыз. Бұлар көмектессе әрине біздің үкіметте бұған қаражат бөлуі керек. Өте маңызды нәрсе. Бізде мына нешетүрлі өсімдіктерімізді сақтап, сол «ген банкте» оны өзіміздің селекциялық процеске, селекциялық жұмыстарға қолдануымыз керек.

Германия қоршаған ортаны қорғау федерациялық қоры мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Алма» жобасын қолға алған. Оның мақсаты – Сиверс және басқа да алма түрлерінің тұқымын сақтау және зерттеу. Ғалымдар қазірдің өзінде бірнеше алма түрін қалпына келтірген. Болашақта «Ренет Бурхардта» және «Ренет Ландсберг» алмалары дүкен сөрелеріне шығуы мүмкін. Олар универсиеттің микроклонды көбейту зертханасында өсірілген.

Гүлшария Қайырова, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры:

- Ормандарда жабайы табиғат аясында өсетін белгілі алма түрлерін алып, тұқымдары лабораторияда өсіріледі. Оны лабораториялық жағдайда сақтау үшін өсіріледі. Көшеттер басқа жерге отырғызылып, тұқымын көбейтеміз. Басты мақсат – әр сұрыпты басқа түрлерімен араластырмай жекелей көбейту.

Қазақ-неміс институтында жас ғалымдар ғылыми зерттеулермен ғана айналысып қоймай, студенттерге арналған сабақтар да жүргізіледі. Ал, магистратурадағы шәкірттер болса Германияда білімін жалғастырып, қос диплом алу мүмкіндігіне ие болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валенитин Лобанов