Оралда гараждан шыққан өрт оқиғасына байланысты тергеу амалдары басталды

Қылмыстық Кодекстің 292-бабы, 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды.

Келген шығын анықталып жатыр. Гаражды жалға алғандар көлік жөндеумен айналысқан  екен. Дәнекерлеу кезінде абайсызда от шыққан деген болжам бар. Үй ішіндегі түтінге уланған бір адам ауруханаға жеткізілген. Ал қайтыс болғандардың кім екені анықталды.

Дариға Мәжитова, БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі: 

- Бір әйел адам 1982 жылғы, екі ер адам 2002 және  1997 жылы туған ер адамдардың мүрдесі табылды. Олар сараптамаға жіберілді. 2002 жылы туған ер адам сол гаражды жалға алған, ал 1997 жылғы ер адам машинасын жөндеуге келген ер адам. Әйел адам сол үйдің тұрғыны.

Естеріңізге салай кетейік, қайғылы оқиға кеше кешкісін Құсайынов көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Гараждың жанып жатқаны жайлы хабарлама төтенше жағдай қызметіне 21-00-де түскен. Гараж ішіндегі "Нива" автокөлігі отқа оранып, кейін  жалын тілі іргелес үйдің шатырын шарпыған.

Леонид Шляпин, көрші үйдің тұрғыны:

- Сатыр-сұтыр еткен дыбыстар естілді. Терезеден қарасақ, алау аспанға шапшып жатыр екен. От ұшқыны біздің үйге де жете ме деп қорықтық. Ішінде бензин болды ма жалын ұзақ жанды. Қызуы қатты болды.Қайта өрт сөндірушілер шапшаң келді, батыл қимылдады.

Абылай Мұхамбетов, БҚО ТЖ департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы:

- Өрт орнынан үш адамның мәйіті және 4 оттегі баллоны сыйымдылығы 50 литрлік шығарылды  Өрт 21 сағат 34 минутта оқшауланды. 22-02 сағатта толық жойылды. Өрт орнында ТЖ департаментінен 23 қызметкер және 7 бірлік техника жұмыс жасады.