loader


Ақтөбеде өрт жиілеп кетті

Ақтөбеде тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың өртенуі жиілеп кетті.

Жыл басынан бері 107 дерек тіркелген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Тілсіз жаудан 6 адам көз жұмып, тағы алтауы жарақат алды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, ауладағы қоқысты өртеймін деп екі тұрғын марқұм болды. Сәуір басталғалы саяжайларда 3 рет өрт болып, үш адам жарақаттанды. Сондықтан мамандар облыс орталығындағы барлық жеке тұрғын үй секторын аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге кірісті. Заң талаптары орындалмаған жағдайда құзырлы орган өкілдері тиісті шара қолданады. Жыл басынан бері ауласындағы қоқысты өртеген 11 адам жауапқа тартылып, 1 млн 769 мың теңге айыппұл салынды.

Айбат Жаңабергенов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Биыл 56 тұрғын үйінде және де автокөліктерде 46 өрт оқиғасы тіркелді. Екі есеге ұлғайып отыр. Сол себепті тағы да осы қала тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін, талаптарын сақтауға шақырамыз. Тұрмыстық қалдықты, қоқысты жақпауға, үлкен көлемді қоқысты қаламыздың сыртындағы арнайы полигондарға шығаруға кеңес береміз.