Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілеттілігін арттыру керек. Белгілі тревел – блогер Ренат Ташқынбаев осылай дейді.
Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған саяхатшының айтуынша, бұл ең алдымен көпұлтты ауылдардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Өйткені, жергілікті халық ұйым арқылы өз мәселесін өзі шешетіндей жағдайға жетеді.
Бұл – Ренат Ташқынбаев. Журналист, әрі блогер. Соңғы жылдары ол Қазақстанның шалғай ауылдарын аралап, сол жақтың тұрмыс – тіршілігін түсіреді. Оның басты кейіпкерлері – қарапайым адамдар.
Ренат Астанада тұрады. Бірақ үнемі жолда жүреді. Қазір ол туған жері - Солтүстік Қазақстан облысында жүр. Саяхатшы – блогер ютуб арнасына тағы да бір ауылды жарыққа шығаруға келді.
Ренат Ташқынбаев, "Другие места" ютуб арнасының авторы:
- Бір ауыл туралы репортажымнан кейін телефоныма күні бойы дамыл болмады. Тіпті, Ресейдің Қорған қаласынан «бұл қай жақта, көшіп баруға бола ма», - деп хабарласты. Осындай қоңыраулар түскен 5 бағдарламам шықты.
Оған өмір жолы сан қилы кейіпкерлер кездеседі. Ренат Ташқынбаевтың айтуынша, ұлан – байтақ Қазақстанның халқы алуан түрлі. Шығармашылық оны көпұлтты елді мекендерге жиі жетелейді.
Ренат Ташқынбаев, "Другие места" ютуб арнасының авторы:
- Мен көпұлтты ауылдардың өмірін көрсеткенді жақсы көремін. Маған олардың бір – біріне деген қарым – қатынасы ұнайды. Ондағы тұрғындар тату – тәтті тұрады. Сондықтан Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілеттілігі мен маңыздылығын арттыру керек.
Саяхатшының бұл ермегі зерттеуге ұласты. Енді Ренаттың жоспарында көрген – білгенін кітап бетіне жазып қалдыру. Алда оны талай ауыл күтіп тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
