Елде алдымыздағы үш жылда аса тереңдіктен алынатын тақтатас мұнайын өндіру үшін жаңа кен орындары ашылады.
«САУТС-ОЙЛ» компаниясы қара алтынның мол қорын тауып, оны өндірудің инновациялық әдістерін енгізуге әзірлініп жатыр. Сарапшылар да дәстүрлі өндірістен ауысып, мұнай-газ саласындағы қиын қорларды игеруді құп көріп отыр. Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан мұнайшылардың ғылыми – тәжірибелік конференциясында айтылды.
Республикалық конференцияға мұнайшылар мен ғалымдар, саланың дамуына еңбек сіңіріп жүрген жетекші мамандар жиналды. Олар көмірсутек қорына барлау жүргізудің жаңа мүмкіндіктерін арттырып, мұнай-газдың келешегіне талдау жүргізу аса маңызды деп есептейді. Ата заңға енгізілген толықтырулардың арқасында аталған сала серпін алды.
Балтабек Қуандықов Қазақстандық, мұнайшы-геологтар қауымдастығының президенті:
- «САУТС-ОЙЛ» компаниясының ұсынысымен қиын өндірілетін мұнайдың қорын есептеу бұрын біздің заңда жоқ еді. Сол енгізілді. Ғылыми зерттеу институттары немесе қандай әдістер пайдаланып, іске асыруымыз керек!? Сол мәселелер талқыланып жатыр.
«САУТС-ОЙЛ» компаниясы қара алтынды өндіру саласында жетекші ондыққа кірген іргелі кәсіпорын. 20 жылдық тәжірибесінде 10 миллион тонна мұнай, 750 миллион текше метр газ өндірді. Қазынаға 227 миллиард теңгеден астам салық төледі. Ендігі кезекте жер қатпарындағы қиын өндіріске бет бұрмақ. Келелі жиында кәсіпорынның жаңа жобалары таныстырылды.
Серікжан Сейітжанов, «САУТС - ОЙЛ» компаниясының президенті:
- Маңыздылығы өте зор. Өйткені жаңа айтқан үлкен проектердің бәріне ғылыми шешімдер қабылданып, соны іске асыруға бағдарлама беріледі. Сөйтіп ол заңдастырылады. Оның ішінде ең керегі экологияны тазалау, экология туралы бүкіл проектер бәрі таза проектер болады.
Оңтүстік Торғай бассейнінен өндірілген Тақтатас мұнайының алғашқы қоры мемлекеттік теңгерімге өткізілді. Енді компания алдағы үш жылда 15 ұңғыма қазып, 9 мыңға жуық адамды тұрақты жұмысқа тартпақ.
Шайхан Мұхаметрахимов, «САУТС-ОЙЛ» компаниясының вице – президенті:
- Біз дәстүрлі емес көмірсутектің алғашқы көлемін өндірдік. Мемлекет теңгеріміне өткізіп, жобалау құжаттарын әзірлеп жатырмыз.
Ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге жоспарланған. Осы уақыт аралығында сала мамандары шаһардың әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосқан компанияның ауқымды жобаларымен танысып, өндірістік нысандарын аралайды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы
