Қазақстандық саяхатшы Таяу Шығысқа велосапар жасады

Велосипедпен 5 мың шақырым. Отандасымыз Дәмір Көшеев 2 айда қос дөңгелекті көлігімен 4 мемлекетті артқа тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әуесқой велошабандоз саяхатты Мысыр жерінен бастап, Сауд Арабиясы мен Қатарға соғып, Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткен. Бұл – Дәмірдің алғашқы саяхаты емес. Бұған дейін ол Қазақстанды жаяу, Оңтүстік Корея мен Түркияны велосипедпен бірнеше рет аралаған.

Ұзақ жолды еңсеріп Абу-Дабиге жеткен велосаяхатшыны еліміздің Біріккен Араб әмірліктеріндегі елшісі Мадияр Меңілбеков ерекше ықылас білдіре күтіп алды. Бұл – саяхат жәй ғана елді аралап, саяхат құру емес, мақсаты, нақты миссиясы бар жолсапар. Сондықтан елші мырза Әмірліктегі әріптестеріне отандасымыздың жасаған жорықтарын таныстырып, қолдау білдірді. 27 ақпан күні Шарм-эш-шейхтан басталған жол Египеттің астанасы Каирге жеткізді. Одан соң Александрия мен Порт Саид қалаларына барған. Египет сапарында діттегені – Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай Мысырды билеген қазақтың даңқын көтеру, есімін ұлықтау. 

Дамир Көшеев, велосаяхатшы:

- Египет елі Сұлтан Бейбарысты құрметтейді. Елден шығарда оның атындағы мешітке баруды мақсат еттік. Одан кейін Каирде ұлы Абайға орнатылған ескерткішті өз көзімізбен көргіміз келді. Алматыдан Шарм Эль шейхке ұшып жеттік. Одан әрі Каирға велосипедпен жетіп алдық. Тарихшыларымен сөйлестік. Олар Сұлтан Бейбарыстың Мысыр еліне қазақтың киіз үйін тіккенін, осылайша, өзі туған даланың құндылықтарын ұстаным ете отырып, Мысыр жерін де көтере білген тұлға ретінде танып отыр.

Дамир Көшеев бұл жолғы велосапарды досы Оралхан Тынбаевпен бірге бастапты. 2 отандасымыз Египетті асып кейін наурыз айында Сауд Арабиясына барған. Бұл жолы велосапардағы маршрут – Эр-Рияд-Медина-Джидда-Мекка және тағы да Эр рияд қаласы. Қасиетті Мекке қаласындағы Аль-Харам мешітін аралаған. Одан әрі жолға Дамир Көшеев өзі ғана аттанды. Катар мемлекетіне барып, Доха қаласына аумағын жүріп өткен. Араға күндер салып, екі дөңгелекті темір тұлпарымен Араб Әмірліктеріне жетті. Таяу Шығысқа жасаған алғашқы веложорыққа саяхатшы күннің қатты ыстық болуы әсер еткенін айтады, бірақ кедергі емес. Оның жоспары бойынша келесі локация – Дубай қаласы.  

Дамир Көшеев, велосаяхатшы:

- Қазақстанда ұзақ қашықтық болғанымен, табиғат әлдеқайда жұмсақ. Сосын бізде ауылдар бар, жолайт аз кем демалып, сая табуға болады. Мұнда трасса бойында орналасқан ауылдар жоқ. Бірақ жол, инфрақұрылым жағдайы өте жақсы және халқы – тым қонақжай, мейірімді адамдар. Жолаушы екенімді көріп, аялдап амандасып, ас беріп, су әкеп беріп жатты. Жоғары адами қасиеттері мен құндылықтары арқылы көтеріп жіберді, тіпті жолдың қиындығын ұмытып кеттім. Араб әлемі көркем, соған көз жеткіздім.

Жолаушымен танысып, мән-жәй біліскенде Дамир Көшеев өз отанын мақтанышпен таныстыратынын бізге ол ерекше күймен әңгімелеп берді,  Отанға деген құрметі. Оның арманы нағыз саяхатшынікі – жер шарын айналып, әлем көру.

Авторы: Бибігүл Нысанбаева.