«Ертіс-Успен» су арнасының құрылысы басталды

Ертіс өңірінде жаңа суармалы егіс алқаптары пайда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодар және Успен аудандарында орналасқан, көптеген шаруашылықтар сумен қамтылмақ. Аймақта ұзындығы 13 шақырым болатын жаңа су арнасы пайда болады. Бұл жоба осыдан 3 жыл бұрын басталып, пандемияға орай жұмысын тоқтатқан болатын. Жуырда  маңызды құрылыс қайта жанданды. Мердігерлер оны келер жылы іске қосамыз деп отыр. 

«Ертіс-Успен» каналының жобасы сонау Кеңес дәуірінде жоспарланыпты. 80-ші жылдарда іске қосылған су арнасы Ертіс өзенінен бастау алған екен. Жасанды өзен Успен ауылына дейін жеткен кездер болған. Кейіннен ауыл шаруашылығы дағдарысқа түсіп, шөл даланы көгалдандыру жобасы орта жолда қалған.

Әділбек Шапатов, Қ. Сәтбаев атындағы канал директорының орынбасары:

- «Ертіс-Успен» каналын қалпына келтіру ісі 5 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – ол каналды бірінші аванкамераға жеткізу. Бүгінгі таңда су арнасы  түсетін жолдарды ағаштардан тазарттық. Түбін ретке келтірдік. Бұқтырмадан су босатылған соң, су арнасын тазартумен айналысамыз. Бұл жұмыстар мамыр айының аяғына жоспарланған. Тамыз айында бірінші кезеңін толық аяқтаймыз.

Жобаның екінші кезеңі бойынша Ертіс жағалауында сорғы станциясы салынады. Бүгінде жабдықтарға тапсырыс беріліпті. Жақын күндері  құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Одан кейін мамандар электрмен жабдықтау ісіне кіріседі. Қаржының тапшылығынан кейбір түзетулер де енгізілген. Нысанның ең қымбатқа түскен бөлігі – ол  13 шақырымдық монолитті бетон магистралі. Ол 10 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етеді. Фермерлер сыйымдылығы жарты миллион текше метрлік  6 аванкамерадан су алады.

Нұрлан Шөкеев, Қ. Сәтбаев атындағы каналдың прорабы: 

- Каналдың асты толық геокомпозитпен қапталып, желімделген. Су жерге  сіңбейді. Сондықтан ешқандай шығын болмайды. Жоғары жағына топырақ төселіп, бекітілген.

Бұл – ауылшаруашылығы үшін теңдессіз жоба. Суармалы егіс алқаптарын арттыра отырып, аграрлық сектор ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы ішкі көлемін 30 млрд теңгеге жеткізбек.

Есентай Мұсалимов, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жаңа су арнасының бойында 40 шақты шаруа қожалығы құрылады. Ол – 52 жер телімі. Павлодар Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы 8 жер учаскесін бөліп отыр. Негізгі басымдық қант қызылшасына беріледі. Өнім болашақ қант зауыты үшін шикізат қоры болмақ.

Суармалы егіс алқаптарында сонымен қатар мал азығын өсіру жоспарланып отыр. Тауарлы сүт фермалары үшін жем-азық қоры қажет. Картоп, сәбіз, жүгері алқаптары да кеңейеді. Облыс аумағында осы тектес тағы бірнеше жоба бар. Бүгінде Май, Ақтоғай және Железин ауданының шаруашылықтары   Ертіс өзенінен су тартып жатыр.

Серік Мұстафин, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы бас инженерінің м.а.:

- Ағымдағы жылы 4 жобаның құрылысы басталады. Нәтижесінде суармалы егіс алқаптарының көлемі 16 мың 700 гектарға артады. Шамамен 64 млн текше метр су пайдаланылады және мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Енді аз күнде Ертіс өзені тасиды. Оның көлемі әдетте Бұқтырма су қоймасынан келетін суға тікелей байланысты болады. Егер өзенге су дер кезінде және толыққанды жіберілмесе, Ертіс жайылмасын құрғақшылық жайлайды. Оның соңы экологиялық дағдарысқа әкелуі мүмкін, - дейді ғалымдар. Ал депутаттар бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп жүр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.