Еріктілер тарихи-мәдени мұраларды сақтауға атсалысып жүр

«Birgemiz: Asyl mura» жалпы ұлттық жобасы аясында 6 мыңнан аса ерікті тарихи-мәдени нысандарды сақтауға атсалысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр басталған шара келесі жылға дейін жалғасады. Жас волонтерлар еліміздің әр түкпірінде орналасқан ескерткіштер мен мемориалдық кешендерді абаттандырады.

Жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Даналық» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Астанада өткен республикалық форумда айтылды. Жиналғандар игі шараларға жастарды көбірек тарту жайын сөз етті. Оларды ынталандыру үшін жыл сайын тарихи-мәдени нысандарды сақтау жұмысына 30 шағын грант бөлінеді. Әрқайсысы 300 мың теңге көлемінде. Жалпы жоба шеңберінде ел аумағындағы 170 ескерткішке QR коды бар тақтайшалар ілу жоспарланған. Әр өңірдің ерекше нысандары хақында 18 деректі фильм, сондай-ақ 3 томдық энциклопедия шығарылады.

Ботабек Төкішқадыров, «Даналық» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

- Бұл форумда «Birgemiz: Asyl mura» жобасына еріктілерді қалай тартуға болады? Еріктілер мен әкімшіліктің арасындағы қарым-қатынасты орнату. Өйткені еріктілер өздері көп жұмыс жасағысы келеді, бірақ тарихи ескерткіштер мемлекеттің құзырында болғаннан кейін міндетті түрде жергілікті әкімшіліктен рұқсат алу керек.