Қостанай облысында «Таза су айдыны» акциясы басталды

Экологиялық шарада су тоғандарының жағалауы күл-қоқыстан тазартылып, түбінен заңсыз құрылған аулар шығарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Науқанның алғашқы күнінде акцияға 50 адам атсалысты. Олар Тобыл өзенінің 4 шақырымдай жағалауынан 100 келі тартатын шыны, пластик, полиэтиленді пакеттер жинап алды. Былтыр табиғат жанашырларының көмегімен су тоғандарынан 1,5 тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, браконьерлер тіккен 200 метр синтетикалық ау жойылды.

Мамыр айының соңына дейін созылатын акция аясында өзен-көлдер бойындағы 30 шақырымға жуық аумақ тазартылмақ. Жалпы облыс бойынша 8 мыңнан аса су қоймасы бар. Соның 836-сы балық шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. 

Маржангүл Дәндібаева, Тобыл-Торғай облысаралық Бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік мекемелердің өкілдерін, студенттер мен еріктілерді шақырдық және бұл акцияға тағы да аудандарда жергілікті атқарушы органдар қатысады. Бекітілген су айдындарында табиғат пайдаланушылар өздері өткізеді. Су тоғандарының жағдайын балықтың қырылуы болмас үшін бізде ай сайын бекітілген жоспар бойынша бақылау жұмыстары жүргізіледі.