Абай облысының Бородулиха ауданында 30-ға тарта өзге диаспора өкілдері тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың жартысына жуығы аудандық ауруханада жұмыс істейді. Дәрігерлердің арасында украин да, неміс те, түрік те, армян да, ауған да, араб та бар.
Біріккен Араб Әмірлігінде дүние есігін ашқан тамыр хирургы Хасан Әл Сахар елімізге 1992 жылы келіпті. Қазақ қызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерген дәрігердің Бородулиха ауданының тұрғыны атанғанына бір жылға жуықтапты. Біраз жыл шет елде шеберлігін шыңдап, Алматыда жұмыс істеген кәсіби маман Абай облысын бекер таңдамағанын айтады. «Президентіміз ауыл медицинасын көтеру керектігін айтты ғой. Сол үшін осында арнайы келдім», - дейді ол.
Хасан Әл Сахар, тамыр хирургы:
- Осы жерге келдім. Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Ұжым да жақсы. Адамдар жақсы. Барлық жағдай жасалған.
Ал жас хирург Жират Ягана Ауғанстаннан қазақ жеріне 13 жыл бұрын қоныс аударыпты. Дүниежүзінің талай елінде еңбек еткен ол Қазақстанның жөні бөлек екенін мақтанышпен жеткізді.
Жират Ягана, хирург:
- Қазақ елін мекен еткеніме бір мүшелден асыпты. Екінші Отаным деп мақтанышпен айтамын. Бірнеше мемлекетте жұмыс істедім. Бірақ қазақтай қамқор, қазақтай кеңпейіл халықты көрген жоқпын. Мынаны қараңыздаршы, біздің ауруханада 15 диаспора өкілі жұмыс істейді. Бір шаңырақ астында. Ғажап қой.
Бұл аудандағы береке-бірлігі жарасқан елді мекеннің бірі – Новопокровка. Татарстаннан 49 жыл бұрын көшіп келген Нәйлә Дәулетшина осы ауылда 2009 жылы құрылған татар этномәдени бірлестігін басқарады.
Нәйлә Дәулетшина, Новопокровка ауылындағы Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
- Біздің арамызда қазақтар да, орыстар да, украиндар да бар. Мейрамдарды бірге өткіземіз. Халқымыз тыныш. Әсіресе қазақ халқының қонақшыл екенін айтқым келеді.
Әсия Мұхаметқазы, бородулиха аудандық Достық үйінің қызметкері:
- Біздің ауданда Достық үйі 2011 жылы ашылған. Бірнеше этномәдени бірлестігіміз бар. Бірлестік мүшелері өңіріміздің мәдени-рухани өміріне елеулі үлес қосып келеді.
Бүгінде Бородулиха ауданында 30-ға жуық өзге диаспора өкілдері тұрады. Аудан орталығындағы Достық үйінде 6 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.
