Ел бойынша қазақ тілін үйрететін тегін клуб ашылды

Қазақ тілін үйрететін ерекше клуб пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның студенттері тілдік кедергіні жеңу үшін қала көшелеріне шығып, тұрғындармен сөйлеседі. Ал қазақ мәдениетімен етене танысу мақсатында театр, кино, мұражайға барады. Тегін курс елдің 12 аймағында ұйымдастырылған.

Тіл клубына түрлі жастағы азаматтар барады. Арасында шетелдіктер де бар. Мысалы, Глеб Трифонов Ресейдің Сочи қаласынан келген. Жасы 17-де. Геодезист болу үшін біздің елдегі колледжге оқуға түсуді жоспарлаған. Сондықтан білім беретін мемлекеттің тілін білуді міндет санайды.

Глеб Трифонов:

- Сәлеметсіз бе! Менің атым – Глеб. Мен Ресейден келдім, Сочи қаласынан. Клубқа ашылғаннан бері келіп жүрмін. Қазақстанға деген құрметім үшін қазақ тілін меңгеруді жөн санадым. Клуб ұнады. Қызықты. Қазірдің өзінде үйренгенім аз емес.

Тек Астанада емес, қазақ тілі Қостанайда да оқытылады. Бұл жақта мемлекеттік тілді үйренуге талпынып тұрғандар көп. Сондықтан үйірмеде сабақ аптасына 4 рет өтеді. Екі топқа 80 адам жазылған.

Айгерім Төлепова, қазақ тілін үйрету клубының үйлестірушісі:

- 3 айдан асып кетті. Нәтижесі жаман емес. Қазақ тілін білмейтін қатысушыларымыздың өзі қазір өздерін таныстырып, өздерінің қандай сүйікті іспен айналысатынын айта алады. Бұл өте жақсы көрсеткіш деп білеміз.

Тіл үйрету клубы «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында жыл басында ашылды. Тегін сабақтар кешкі уақытта да, демалыс күндері де өтеді. Ерекшелігі – жаңа әдісте. Тіл үйренем дегендер ән айтады. Көшеге шығып жұртпен сөйлеседі.

Яков Фёдоров, блогер, «Менің елім – менің тілім» қозғалысын ұйымдастырушы:

- Жас қатысушылар 7 жаста. Ең үлкен кісілер 70 жаста. Ешқандай шектеу жоқ. Шамамен Қазақстанда 1500 адам қатысады. Астанада, мысалы, әр сабаққа шамамен 20 адам келеді.

Үйірмені ұйымдастырушылар студенттерді кино, театр, мұражайларға да апарады. Сөйтіп, тілді мәдениет арқылы меңгертпек. Енді жоба авторлары осы игі іске волонтерлерді тартуды көздеп отыр.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Азиза Закумбаева, Ырыстанбек Оспанов.