Алматы облысында отызға жуық ұлт пен ұлыс тату-тәтті ұйып отыр

Алматы облысының халқы да бірлік күнін шат-шадыман қарсы алды.

Өңірде 30-ға жуық түрлі ұлт пен ұлыстың ынтымағы жарасқан. Бұл күні әр аудан орталығында концерттік бағдарлама әзірленіп, достық әуендері шырқалды.

Алмас Садуақас, тілші:

- Шуақты мамырдың алғашқы күнін Жамбыл ауданының халқы асыға күтеді. Бұл көктемнің, ырыс пен ынтымақтың, сабыр мен сыйлайстық күні, Ал аудандағы ұлттар мен диаспоралар берекелі тіршілік кешіп жатыр.

Аудан халқы бкйбітшілік пен достық қарым қатынаста айтулы мерекені атап өтіп келеді. Ауданда ұлттар мен ұлыстардың рухани мәдениетін дәріптейтін түрік, ұйғыр, орыс және татар-башқұрт сынды этно-мәдени орталықтар тұрақты жұмыс істейді. Игі дәстүрді жаңғыртар ерекше мерекенің орны бөлек. Мейрамға  келген тұрғындар әр орталық көрмесін тамашалады.

Рустам Раимов, ұйғыр этно-мәдени орталығының  жетекшісі:

- Барлығымыз қазақ болсын, ұйғыр болсын, бәріміз бір болып Қазақстанымызға еңбек істеп, жұмыс істесек. Достығымыз кеңейіп, достығымыз мәңгі болады. Сол үшін бақытты күн.

Бірлік болмай тірлік болмас. Қазақ халқы ауызбіршілік нәтижесінде алынбас қамал жоқ екенін ерте бастан пайымдаған. Бірлік күнін ұлықтаған мерекеде  жас өрендер өнерін ортаға салды. Бейбітшілік аспанында әсем әндер  әуеледі.

Нұрсұлу Рахымбаева, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Бүкіл халық  дені сау болсын, балашағамыз көп болып аман болсын. Немерелер аман болсын. Немере рахатына тоймайық, шөбереге жетейік. 

Зульфия Бейісбекова, Жамбыл ауданының тұрғыны:

- Барлық отбасыға тек қана жақсылық, еліміз тыныш болсын. Жаңа Қазақстанымыз жайқала берсін. Бәріміз аман болайық.

Ынтымағы жарасқан елде ғана береке болмақ. Бұл орайда Жамбыл ауданының халқы достық туын биік ұстаған жұртымен мақтана алады. 

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев