loader


Жетісайда 5 ауылға газ беріледі

Түркістан облысының Жетісай ауданында 5 елді мекеннің халқы от жағып, күл шығару машақатынан құтылатын болды.

Биыл ауданда 10 мыңға тарта абонент көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Алма Жұманова 25 жылдан бері Ғани Мұратбаев ауылының тұрғыны. Келін болып түскелі от жағудың азабын тартып келеді. Әсіресе биылғы қыс ауыр тиген. "Көмір тапшылығынан қатты қиналып қалдық", - дейді ауыл тұрғындары.  

Алмагүл Жұманова, Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны:

- Көмірдің бағасы қымбат болды. Тоннасын 45 мыңнан да, 50 мыңнан да алдық. Ол көмірлеріміз сапасыз шыққан кездері де болды. Газдың келіп отырғаны от жағып, күл шығарып, сол азаптан құтылайық деп тұрмыз. Қолымызды жылы суға малыймыз деген ойдамыз.

Гүлайым Мұсаева, Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғыны:

- Кезінде газ жоқтың азабының көрдік қой. Келешекте балаларымыз, келіндеріміз рахатын көрсін деп тілейміз. Жолдың топырақ болғанына қарамай, газ келсе болды деп қуанып жатырмыз. Енді жолымызды жөндеп берсе, жақсы болар еді.

Ауылда жол мәселесі де күрделі күйінде қалып отыр. Мамандар биыл жобалық сметасы қаралып жатқанын айтады. Жалпы Жетісай ауданында 112 елді мекен болса, соның 55 табиғи отынмен қамтылған. Өткен жылы республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге қаралып, 5 елді мекенге газ тарту жұмыстары басталды. 10 мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтылады деп жоспарлануда. 

Дүйсехан Қараев, аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Бұдан бөлек аудан аумағында тұрғындарды табиғи газбен қамту мақсатында 23 жобамыз дайын. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлдіруге облысқа ұсындық. 2025 жылға дейін Жетісай ауданын табиғи газбен қамту жоспарлануда.

Мамандар ауданда қосымша тағы газ тарату станциясының құрылысы жүріп жатқанын айтады. Биыл аяқталатын болса, қосымша тағы да 10 мың абонент көгілдір отынмен қамтылады. Жалпы Түркістан облысындағы 833 елді мекеннің 465-іне табиғи газ  тартылған. Биыл өңірдегі 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд теңге бөлініп, 70 нысанның құрылысын аяқтау жоспарда. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш