Алматы облысы Талғар ауданындағы Қобыланды батыр ипподромында ұшқыр аттардың бәйгесі өтті.
Qazaq World Cup деп айдар тағылған таза қанды жылқылардың жарысында бәсеке қызу болды. Жүйріктер мың метрден бастап екі мың метрге дейінгі қашықтықта шапты. Одан бөлек қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен де сайыстар ұйымдастырылды. Алматы облысы әкімдігімен Ұлттық спорт қауымдастығының ұйытқы болуымен өткен іс-шараға ауыл және қала тұрғындары қатысты. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктерді тізгіндеген жеңімпаз шабандоздарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Бәйгенің ұтыс қоры 18 миллион теңгеге жуық. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шараны өнер жұлдыздарының коцерттік бағдарламасы қорытындылады.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Биылғы маусым ашылуының бірі, арықарай Қонаев қаласында да біраз туристік шаралар бар. Кейіннен спорттық шаралар бар. Бірақ соның бәрін Қазақстанның ұлттық құндылықтарын дәріптеу жағынан қарастырамыз. Өйткені келген туристеріміз, келген қонақтарымыз тек қана қазақтың ұлттық дәстүрлерімен де танысып кету керек деген ойдамыз.
