Енді сот орындаушысы қарызын төлеуге құлықсыз көлік иесін іздеп әуреге түспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
2 мамырдан бастап көлікке қатысты кез келген іс-әрекетке онлайн түрде тыйым салады. Яғни сол тыйымның күшін үйде отырып та жоя алады. Тағы бір айтары, бұрын 2-3 күнді қажет ететін жұмыс енді әрі кетсе 10 минутта бітеді. Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, онлайн қызмет іске қосылғаннан бері 336 көлікті қолдануға тыйым салынған. Ал 61 көліктен тыйым алынды.
Мұрат Смағұлов, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің басқарма басшысы:
- Сот орындаушылар бұл сервисті 2015 жылдан бері күтті. Бүгінге дейін елден шығуға, заңды тұлғалардың тіркеу әрекеттеріне және жылжымайтын мүлікті пайдалануға тыйым салу онлайн форматта жүзеге асырылып келді. Жаңа сервис уақыт үнемдейді, қағазбастылықты жояды. Сондай-ақ азаматтардың сот орындаушылармен бетпе-бет жүздеспей-ақ, төлемді қашықтан төлеуіне мүмкіндік береді.
