Еліміздегі ең ірі бөдене шаруашылығы құрама жемді сырттан сатып алуға мәжбүр болып отыр.
Өйткені арпа-бидай мен майлы дәнді-дақылдарды егетін суармалы жері жоқ. Ол өз кезегінде өнім бағасының айтарлықтай қымбаттауына әкеліп соқтырып отыр.
Жетісу облысының Ескелді ауданында орналасқан бұл кәсіпорын бүгінде бөдене санын 100 мың басқа жеткізген. Тәулігіне 30 мың жұмыртқа, 30 келі құс етін шығарады. Алынған өнімді Біріккен Араб Әмірліктері мен көршілес Қытай Халық Республикасына экспорттай бастады. Балапанды өз инкубаторларында басып шығарғанымен, оған беретін жемнің бағасы арзан болмай тұр. Құрама жем 20 түрлі қоспа қосу арқылы әзірленеді.
Ажар Серікқожаева, технолог:
- Егер жемдері жетпесе, нормамен сала берсеңіз, ол неден жұмыртқа береді? Сосын жемнің құрамы дұрыс болуы керек. Сонда жұмыртқа береді. Айтатынмыз сол.
Сымбат Серікқожаев, құрылтайшы:
- Суармалы жерлер болса соя өсіретін. Жарайды бидайды өндірушіден аламыз, кукурузаны да жергілікті өндірушіден алсақ, бірақ сояны негізі алып жатырмыз. Бірақ қымбат түсіп жатыр бізге.
Байқап отырғанымыздай, еліміздің түкпір-түкпіріндегі қай құс шаруашылығына барсаңыз да, суармалы жердің жетіспеушілігі мәселесі кесе-көлденеңдеп алдыңыздан шығады. Ескелді аудандық әкімдігіндегілердің айтуынша, биыл мемлекет меншігіне игерілмей бос жатқан 3568 гектар жер қайтарылған. Бөдене шаруашылығының конкурстық негізбен суармалы жер алуға толық мүмкіндігі бар.
Қуат Қожахметов, Ескелді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Ол кісілерден жазбаша, не басқаша бізге өтініш түскен жоқ. Түскен жағдайда осы жылдың аясында біз мемлекет тарапындағы жаңағы қайтқан жерлерді конкурсқа шығарамыз. Ол 48.1-бапқа сәйкес конкурс ұйымдастырылады және өтініштері қабылданып, ол кісілердің сол арқылы жер алуға мүмкіндіктері бар.
«Суармалы жер бөлініп, құс азығын өзіміз өндірер болсақ, өнім бағасы айтарлықтай арзандап, шаруашылықтағы құс басын бірнеше есеге дейін арттыруға мүмкіндік туар еді», – дейді жетісулық бөдене өсірушілер.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев
