Анас Баққожаев: Блогерлердің жауапкершілігін арттыру керек

Анас Баққожаев: Блогерлердің жауапкершілігін арттыру керек

Бүгін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев осындай бастама көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурордың атында сауал жолдады.

Оның айтуынша, әлеуметтік желі пайдаланушылары көбіне жалған ақпарат таратады, біреулерді бопасалаумен айналысады. Бірақ жауапқа тартылмайды. "Сондықтан БАҚ туралы заңда олардың да жауапкершілігін көрсету қажет", - дейді.

Қазір Аңдамай сөйлеп, істі болып жатқан блогерлер жетерлік. Мәселен, Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шернияз бен Әзімжан Саитбаевқа қаржы пирамидасын құрды деген айып тағылған. «Парақшасында миллиондаған оқырманы бола тұра ақпаратты тексермей тарататындар үшін жауапкершілікті күшейтіп, заңды қатаңдату керек» – дейді депутаттар. Мәжілісмен Анас Баққожаев осындай бастама көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға сауал жолдады.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз. Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссы шығар.

 Осы ретте мәжіліс депутаты БАҚ туралы заңда тек журналистердің ғана емес, сонымен қатар блогерлердің де жауапкершілігін қарастыруды ұсынды. Заңгер, саяси PR маманы Айгүл Ешмағамбетованың сөзінше, жауапкершіліктен бұрын, блогерге тиісті анықтама беріп, ара-жігін ажыратып алу маңызды.

Айгүл Ешмағамбетова, заңгер:

- Блогерлер деген кім? Олар қай платформада, қай әлеуметтік желілерде ақпарат таратады? Мысалы қалтасында смартфоны мен интернеті бар мектеп оқушысы айдалада тұрып тікелей эфирге шыға алады. Сіздердің телеарналарыңыз сияқты. Ол блогер болып санала ма, жоқ па? Ол сіздердің санаттарыңызға қосыла ма, 4 жыл университет оқып шыққан? Осы жөнінен де қарау керек. Біз блогерлердің құқықтарын бекітеміз деп, кәсіби журналистердің деңгейін төмен түсіріп алмауымыз керек.

Сарапшылардың сөзінше кейбір блогерлер жариялайтын ақпаратты  тексермейді. Фактчекинг болмағандықтан оқырмандары жалған жазбаларға сеніп, артынан опық жеп жатады. Дегенмен, халық қазір блогерлерді таңдап оқитын болған.

 

Media club Qazaqstan алаңының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан артық қыламын деп, тыртық қылып алмау керек дейді. Оның сөзінше, қазір халық арасында әлеуметтік желіні пайдалану сауаттылығына да баса мән беру керек. 

Ерболат Мұхамеджан, Media Club Qazaqstan негізін қалаушы:

- Мүмкін білімді арттыру керек шығар, мүмкін әлеуметтік желіні қолдану сауатын арттыру керек шығар. Мектептерімізде, университетімізде сауаттандыру курсы болу керек шығар. Қалай қолдану, баланы кішкентай жастан әлеуметтік желіні қолдану, оған қатысты белгілі бір гигиена, диетаның болуы деген сияқты, сондай нәрсені қарау керек шығар.

Блогерге бақылау енгізіп, жауапкершілікті күшейту орынды бастама. Бірақ талқылайтын тұстары жетерлік. Анығы өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын шешім шығару керек-дейді сарапшылар.

Авторлары: Риат Шони, Руслан Әлиев және Ербол Дайыров