Әскер – өмір мектебі

Қалам ұстаған қауым қару асынған сарбаздардың тұрмысымен танысып қайтты.

Астанадағы 68665-ші бөлімге қонаққа барған тілшілер десанттық-шабуылдаушы бригаданың материалдық-техникалық базасы туралы терең мағлұмат алды.

Шытырман оқиғаға толы фильмнің эпизодымен шатыстырмаңыз. Бұл – Астанадағы 68665 бөліміндегі күнделікті жаттығудың бір көрінісі. Алты сарбаздан құралған десант тобы ғимаратқа бекінген лаңкестердің көзін құртуы тиіс.

Әскер – өмір мектебі. Үйінде көлденең жатқан шыбықты көтермейтін еркелер бұл жерде небір сынақтан өтеді, сан қилы қаруды меңгереді. Мәселен, қолымдағы мына автоматты 17 секундта жинау қажет. Әрине, бейбіт өмірде қолданудан құдай сақтасын. Бірақ, бұл да өнер. Ал «жігітке жеті өнер де аз».

Сарбаздың күні алтыда басталады. Таңмен таласа тұрып, жаттығу алаңына асығады. Жүгіріп, секіріп, кермеге тартылады. Осылайша, денесін сергітіп, бір ширатып алған соң сағат сегізде таңғы ас күтіп тұрады. Кейін түрлі сабақтар басталады. Жас жігіттер сапта жүру, жекпе-жек ұрыс қимылдарын меңгеруден бөлек, парашютпен секіру, миномет, пулемет сынды қарулардан оқ атуды үйренеді.

Талғат Ғұмаров, 68665 әскери бөлім командирінің орынбасары:

- Иә, әрине, бұқаралық ақпарат құралдарында бір-екі ақпаратты көрсетеді, қазіргі жастар әскерден қашып жүр деген. Оны толық, барлық Қазақстанда солай деп айтуға мен келіспеймін. Өйткені, өзімнің әскери қызметшілерде өздеріңіз де сұрасаңыздар болады, өз еріктерімен келіп, Қарулы Күштердің қатарында қызмет етіп жатыр. Жүз пайыз олардың дене дайындығы мықты деп айту әрине қиын.

Иә, таң сәрісінен төсектен тұрып, жаттығуға кірісетін жас жігіт бір жылда есейіп, жақынын жауға бермес батырға айналады. Қазір мұнда 400-ге жуық сарбаз әскери борышын өтеп жатыр.

Ернар Құттыбек, қатардағы сарбаз:

- Мен өзім әскерді бала кезден армандап келдім. Себебі, өзімнің ағам, өзімнің әкем де барды. Оның үстіне бұрын, кішкентай кезде әскери қызметшілер көрсек өзіміз қызығушы едік, қызығатын едім өзім. Мұнда барлық нәрсені үйренесің. Өмірде болатын нәрсенің барлығына қазірден дайындаласың. Мен өзім шақырамын барлық достарымды, барлық замандастарымды, барлық көрген таныстарымды.

Телеробот деп аталатын бұл құрылғы радиациялық, химиялық және биологиялық қауіпті орыннан сынама алып, жан-жақты сараптама жасауға қауқарлы. Бір өзі төрт адамның жұмысын атқарады. Ал «мина іздеуде иісшіл иттерден асқан көмекші жоқ», - дейді офицерлер. «Эмба» атты бұл неміс овчаркасы он жылдан бері қызмет етеді.

Мұрат Алтенов, кинолог:

- Итім он жаста. Осы жерде үш айынан бастап дайындаймыз. Алдымен жалпы курстан өтеді. «Жат», «тұр», «отыр» деген сияқты бұйрықтарды орындап үйренеді. Бір жасынан бастап мина іздеуге үйретеміз. Яғни, өзінің сүйікті ойыншығының ішіне оқ-дәрі, басқа да жарылғыш заттарды тығамыз. Сол иіспен іздеуді үйренеді.

Соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтуге бел буған азаматтар үшін түрлі қаржылық жеңілдіктер іске қосылды. Қару асынып, әскери өмірдің әліпбиін таныған азаматқа армия қатарындағы қызметін жалғастыру да оңай болмақ. Тіпті, сапта жүріп, қосымша мамандық меңгеремін десе де өз еркі. Бұл жаңалық былтырдан бері енгізіле бастады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия,  Мұрат Әріпханов