Оңтүстік Корея Қазақстанда зауыт салады

Оңтүстік Корея мен Қазақстан фармацевтика, темекі өндірісі және ауыл шаруашылығы салаларындағы байланысты нығайтпақ.

Солтүстік Чолла провинциясына Алматы облысынан арнайы делегация барды.

Солтүстік Чолла провинциясы мен Алматы облысының табиғаттары ұқсас. Бұл аймақта 2 миллионға жуық адам тұрады. Және мұнда ауыл шаруашылық саласы жақсы дамыған. Солтүстік Чолла – көкөніс пен жемістің Оңтүстік Кореяның ең ірі өндірушісі. Сондықтан келіссөздер негізінен агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастық туралы болды.

Оңтүстік Кореяның ауылдарында мамандар тапшы. Сондықтан 2021 жылдан бастап үкімет 39 жасқа дейінгі жастарды ақылды фермаларды басқаруға тегін үйрете бастады. Олар 2 жыл оқып, айына 700 доллардай шәкіртақы алады. Ал оқуды бітіргеннен кейін түлектерге жеңілдікпен жер жалға беріледі. Жас маман ақылды ферманың көмегімен 3 жылда 100 000 долларға дейін табыс таба алады.

Оқу орталығының құрылысына 89 миллион доллар жұмсалған. Бұл қаржының 70 пайызы мемлекеттік бюджеттен, 30 пайызы жергілікті қазынадан бөлінген.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Бізге де ол өте қолайлы өйткені бүгінгі күнге жастар көбісі жермен айналысқысы келеді, қайтадан ауылға қайтқысы келеді. Бірақ оған білім керек, бүгінгі технологияларға, бүгінгі заманауи білім керек. Сонымен бұлардың смарт фермасы тек қана ферма мен теплица емес жалпы мынау жастарды тартып оларға компетенцияларын жоғарылатып ары қарай бизнеске өздерінің жобаларын ісін бастауға осындай жүмысты атқарады екен.

Кореялықтар  Алматы облысы, Қарасай ауданында зауыт салу мәселесін талқылады. Жоба келесі айда басталады деп жоспарлануда. Зауыт алдағы уақытта фармацевтикалық өнімдер шығаруды жоспарлап отыр.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- 500 адам жоғары жұмыс орындары болады. Өйткені ол бір жағынан . Екінші жағынан егер мынау классикалық темекіні шығаратын болса бізде өздеріңіз білесіздер, бұрын Алматы облысында көп темекі өсірілетін. Ауыл шаруашылықтардын, колхоздардын көбісі темекі мен айналысатын, бүгінгі күнге ол бізде өндіріс жоқ, темекі өндірісі. Соны қайтадан дамытуға мүмкіндіктер береді.

Мен Кен Хо, темекі зауытының директоры:

- Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп темекі саласын дамытамыз. Техникалық мүмкіндіктеріміз бен сапамызды пайдалана отырып, біз зауыт саламыз. Өндірісте қазақстандық және импорттық шикізатты пайдаланатын боламыз. Бүгін Ресейде, Түркияда, Индонезияда зауыттарымыз бар.

Қазақстан мен Корея мәдени салада да ынтымақтастықты тереңдетуге келісті. Осы мақсатта келер айда провинция делегациясы Қонаевқа келеді. Ал қараша айында Солтүстік Чоллада Алматы облысының ірі компанияларының қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарланды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян