loader


Көкшетауда жылу орталығын салуға ешбір инвестор қызықпай отыр

Көкшетауда жылу электр орталығын салу үшін жарияланған тендерге ешқандай компания қатыспаған.

Бір емес, екі рет байқау ұйымдастырылыпты. Алайда қызығушылық танытқандар табылмады. Ал тұрғындар жылу мен ыстық суға жарымай отыр. Қалада жылу электр орталығының қашан салынатынын дөп басып ешкім айта алмайды.  Жергілікті билікті былай қойғанда, энергетика министрлігі әлі нақты жауап бермеді. 

Көкшетауда жылу электр орталығы жоқ. Тұрғындар қыста жылуға жарымаса, ыстық су  атымен жоқ.  

БЛИЦ:  

- Барлық қалаларда аристон деген жоқ. Біз ғана аристонмен отырмыз. Дұрыс жылу жоқ. Ыстық су жоқ. Қысы-жазы ыстық су болса қандай жақсы.

- Ыстық суға жуынғымыз келеді. Балалар, немерелер келеді. Солар үшін иногда қиын болып қалады. 

- Тэц керек қалаға. Басқаша мына қысты өте алмаймыз. Үйлер көп салынып жатыр. Оның давлениясы жетпейді.

Жарты ғасыр бұрын салынған жылу қазандықтарының әбден тозығы жеткен. Ал оны жөндеу үшін қыруар қаржы керек. Мәселен, өткен жылы 2,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 5 млрд қарастырылған. Ал отынға бөлінген қаржы өзін өзі ақтамайды дейді шенеуніктер. 

Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:

- Осы жылыту маусымындағы шығын көлемі 9 млрд теңгеге жуықтаса, біз тұтынушылардан небәрі 4 млрд теңге ғана жинадық. Біз осы тұрғыда үлкен шығынға батып отырмыз. Сондықтан жылу электр станциясы бізге ауадай қажет.

Қалаға жылудың жетпейтіні,  халық саны жыл санап өсіп жатыр. Бүгінде облыс орталығында 180 мың адам тұрады. Ал жылу орталығын салу үшін,  бірінші кезекте су мәселесін шешу керек екен. 

Малғаждар Тәткеев, облыс әкімінің орынбасары:

- Су тапшылығына байланысты келесі жылы облыс орталығында су тазарту жүйесінің құрылысы басталады. Күнделікті қала тұрғындары 40 мың текше метр су пайдаланады. Сондықтан жылу орталығына таза су сол жерден өткізіледі.

Екі рет тендер жарияланған, бірақ бір де бір шетелдік компания қызығушылық танытпаған. 

Айдос Дәрібаев, ҚР Энергетика министрлігінің департамент директоры:

- Басты себеп Көкшетау тэці отыны көмір болғандықтан. Көмір жағу арқылы электр энергиясы мен жылуды шығару. Бұл жерде қазір дүниежүзілік трендке қарайтын болсақ көмір отынын азайту. Қазіргі уақытта банктер мұндай жобаларды финансировать етпейді. Сондықтан инвестор келуі қиындық тудыртып отыр.

Осылайша энергетика министрлігі жобаның техникалық-экономикалық  негіздемесін қайта әзірлеп жатыр. Сәйкесінше бұл жолы жоба құны да қымбаттайды. Сонан соң қайтадан тендер жарияланады.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Сондай-ақ...