Маңғыстау халқын ауызсумен қамту бойынша 7 жоба жүзеге асады

Маңғыстау халқын ауызсумен қамту бойынша 2025 жылға дейін 7 жоба жүзеге асады.

Бұл туралы қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді. Өңір басшысының айтуынша, тіршілік нәріне сұраныс көлемі жылдан жылға артып келеді. Тұщы судың жетіспеушілігі ауылшаруашылығы саласының дамуына да кері әсер етуде. Жағдайды тұрақтандыру үшін аймақта жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.

Маңғыстаулықтар тіршілік нәрін теңіз суын тұщытатын комбинат, «Каспий» зауыты және «Астрахань-Маңғышлақ» құбырынан алады. Халық саны өсуімен ішер суға сұраныс көлемі тәулігіне 77 мың текше метрге дейін жетті. Каспий мен оған құятын өзендер деңгейінің түсуі жағдайды қиындатып барады. Осы ретте Нұрлан Ноғаев көпшілікті жаңа жобамен таныстырды.  

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

- Ақтөбе облысында «Көкжеде» деген кенорны бар. Жерасты су кенорны. Соңғы 1-2 жылдықта Үкіметтің тапсырмасымен қорын анықтады.  Тәулігіне 173 мың текше метр су алып тұруға болады. Атырау облысы мен Маңғыстау облысының шекарасында «Төңірекшің» деген жерасты суы бар. Егер «Көкжидемен» екеуін араластыратын болса, Бейнеу я Опорныйдан алып келіп «Астрахань-Маңғышлақ» құбырына қосатын болсақ, су қауіпсіздігін шешуге үлкен септігін тигізеді. 

«Бұл бағытта Президент тапсырмасымен жүйелі жұмыс басталды» - деді аймақ әкімі. Тұщы су өндіруші кәсіпорындар қуатын арттыру мәселесі де күн тәртібінде. Мәселен, биыл «Маэк» кәсіпорнында тәулігіне 24 мың текше метр су шығаратын қондырғы орнатылады.

Бексұлтан Шалабаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар, «Каспий» су тұщыту зауытының қуаттылығы 20 мың текше метрді құрайды. 40 мыңға дейін арттыру жөнінде жоба жасақталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол зауытты 60 мыңға дейін көтеріп, яғни 40 мыңға 60 мыңды қосқанда 100 мыңға дейін ұлғайтуға жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға тапсырыс берілді.

Тағы бір жоба Түпқараған ауданында жүзеге асуда. Жағалауда күніне 20 мың текше су тұщытатын зауыт салынып жатыр. Коммуналдық саладағы келесі мәселе - Ақтауда инженерлік желілердің 80%-і тозған. Қайта жаңартуға шамамен 128 млрд теңге керек. Алдағы үшжылдықта 25 шағын ауданда 919 шақырым су, жылу және кәріз құбырларын ауыстыру жоспарда тұр.   

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев