loader


Астанада мейрам күндері 50-ден астам іс-шара өтеді

Астанада Отан қорғаушы және Жеңіс күндеріне арналған 50-ден астам түрлі іс-шара өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындары мен қонақтары концерттерді және бірнеше қойылымды тамашалай алады.

7 мамыр күні «Бәйтерек» монументінің жанында сағат 18:00-де және Nomad City Hall ғимаратының қасында 12:00-де мерекелік концерттер басталады. Театрға қызығатын адамдарға «Гауһартас» және «Тыныштық күзетшісі» драмалары ұсынылады.

Ал спортсүйер қауым 9 мамырда Триатлон паркіндегі жеңіл атлетика эстафетасында өз бағын сынай алады.

Одан бөлек, қару зерттеуші-этнограф, суретші Қалиолла Ахметжанның «Қазақ батырларының қару-жарағы» атты көрмесі ашылады. Көрме өткізу үшін автор бұл саланы 45 жыл зерттеп, 5 жыл өнер туындыларын дайындаған екен.

Қалиолла Ахметжан, этнограф-қарутанушы:

- Ата-бабаларымыз батыр болған, батыр бабаларымыздың қару жарағы қандай болған, олар немен соғысқан, қалай соғысқан, қаруларын бойына қалай ұсынған, қандай сауыттар киген. Соны өз көздерімен көрсін. Әсіресе жас ұрпаққа бұл маңызды деп санаймын. Жас ұрпақтың әскери патриоттық санасын, тәрбиесін көтеру мақсатында ашылып жатқан дүние.