Асқар Забикулиннің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады

Батырдың есімі мен ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.

Бүгінгі бейбіт заманда батырлық білекпен емес, жүрекпен өлшенетінін көріп жүрміз. Былтыр біз осындай ерліктің куәсі болған едік. Өрт сөндіруші Асқар Забикулин отқа оранған үйден 3 адамды аман алып шықты. Алайда өзін күйік шалып, ауруханада жан тапсырды. Көзді ашып-жұмғанша арада жарты жыл уақыт өтті.

16 қараша. Елордада көпқабатты пәтерден өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер дереу қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті. Кенет отқа оранған пәтерде 3 адамның қалғаны туралы хабар түсті. Сол сәтте Асқар Забикуллин басын бәйгеге тігіп, тілсіз жаудың тұзағында қалғандарды аман алып шықты. Осы ауысымнан кейін ол асыға күткен еңбек демалысына шығуы керек еді. Бірақ бұл оның соңғы жұмыс күні болды. Әттең...

Асқардың артында қос қызы қалды. Қазір олар балабақшаға барады. Әкесінің батыр екенін біледі, сезеді. Онымен мақтанады.

Әнел Забикулина, А. Забикулиннің жары:

- Үлкен қызым 5 ай бойы білген жоқ. Осы жақында мен оған айттым. Әрине, оған да ауыр соқққы болды. 5 ай бойы папасы жұмыста деген үмітпен өмір сүрді. Келеді деп. Ол менен күнде сұрайтын, әкем қайда деп, мен әрең шыдайтынмын. Мақтанады. Қай жаққа барсақ та, қонақта да, магазинде де әркімге барып, сен менің әкемді білесің бе деп қатты мақтанады.

Қазір Әнел 2 баласымен батырға берілген 3 бөлмелі пәтерде тұрады. Асқар қоныс тойын отбасымен бірге тойлауды армандаған еді. Төсбелгі алып, қызметтің шыңына шығуды да қалаған. Өкінішке қарай, жеткен жетістігін көзі тірісінде өзі көре алмай кетті. Амал нешік?!

Әнел Забикулина, А. Забикулиннің жары:

- Армандарымыз көп болды. Өзіміздің үйімізді армандайтынбыз. Қыздардың өсетінін. Кіші қызымыз қашан балабақшаға барады, соны ойлайтынбыз. Ұл армандайтын, хоккейге беремін, өзім сияқты хоккейші болады деп.

№6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі енді Асқар Забикулиннің атымен аталады. Мұнда ол бастықтың орынбасары қызметін атқарып, құтқарушылардың дайындығына жауап берді. Әріптестерінің айтуынша, Асқар жанкешті болды. Басшылық қызметіне қарамастан үнемі қызыл жалынның ішіне өзі кіріп, адамдарды мүмкіндігінше жылдам құтқаруға асығатын. Сол үшін өмірін бірнеше рет қатерге де тікті.

Әділхан Талдыбаев, А. Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

- Асқар бауырымыз өз ісіне адал, адамгершілігі мол, өз қызметін жақсы білетін адам. Ондай жағдай көп болған. Өйткені ол күнделікті өрт болады. Қаншама кісілерді құтқарған, қаншама пәтерлердегі материалдық құндылықтарға өз еңбегін сіңірген жігіт.

Асқар Забикулин атындағы өрт сөндіру бөлімі елдегі ең үздік бөлім атағын жеңіп алды. Мұнда 120 маман жұмыс істейді. Олар былтыр тілсіз жаудың тұзағынан 8 адамды құтқарды. Айтпақшы, бұл – ТМД аумағындағы өрт сөндірушінің есімі берілген жалғыз бөлім. Сондықтан мұндағы әр маман Асқардың атына дақ түсірмей, батыл һәм ержүрек болу керек екенін жақсы түсінеді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ырыстанбек Оспанов.