Қостанайдағы ағынды сулар балдырмен тазартылады

Бұдан былай Қостанайдағы ағынды сулар балдырмен тазартылады.

Кәріз жинақтағыш көлге хлорелла деп аталатын көпжасушалы организмдер сіңірілді. Оның мақсаты су айдындарындағы жағымсыз иісті жойып, ластаушы заттардың мөлшерін азайту. Жоба бойынша алдағы екі жылда жинақтағышқа үш жүз текше метр балдыр жіберу көзделген.

Қостанай қаласының бүкіл кәріз суы осы көлге жиналады. Шаһардан 20 шақырым қашықта орналасқан төгінді каналының жағдайы экологтарды алаңдатып отыр. Соңғы уақытта мұндағы су құрамында темір, аммоний фосфаттары мен сульфаттардың мөлшері еселей түскен. Осыған байланысты былтыр жауапты мекеме екі миллион теңге айыппұл арқалаған. Қазір оларға 42 млн теңгеге төгінділер лимиті берілген.         

Анар Төлепбергенова, облыстық Экология департаменті зертхана басшысының м.а.:

- 42 млн 847 мың бұл 2022-24 жылдар аралығында төгінділер осы нормадан аспауы керек. Егер асатын болса айыппұл салынады тағы профилактикалық тексеріс кезінде. Мониторингіміз бойынша осы профилактикалық бақылау кезінде ластаушы заттар көрсеткіштері жылдан-жылға көбейіп бара жатыр. Өткені бұл төгінділер механикалық тазартудан өтеді.

Аумағы төрт мың гектар төгінді каналын қалпына келтіру жұмыстары биыл басталды. Петропавлдан нәжісті өңдейтін өсімдік хлорелланың кезекті көлемі әкелінді. Бұл балдырлар су сапасын арттыруға пайдасын әкелуі тиіс.

Александр Рейбандт, суды зерттеу бойынша ғылыми-технологиялық орталығының директоры:

- Бір миллилитр хлорелланың құрамында 40 млн тірі жасуша бар. Оның көмегімен судың мөлдірлік көрсеткіші жақсарып, жағымсыз иіс жойылады. Судағы көмірқышқыл газының мөлшері азайып, оттегі өндіріле бастайды.

«Бірақ технология бірден тиімділігін көрсетпейді. Судың тазаруына кемінде жарты жыл қажет», - дейді мамандар. Осы күнге дейін хлорелла балық өсірілетін 120 су айдынына сіңірілді. Одан қалды Шымкенттегі су қоймаларында дәл осындай жұмыстар қолға алынады.

Игорь Киселев: "Қостанай-Су" МКК директорының кеңесшісі:

- Жыл сайын 100 текше метр балдыр жібереміз. Әрине олардың жерсінуі лабораториялық тұрғыда қатаң бақыланады. Егер бәрі ойдағыдай болса, кәсіпорын үшін тиімді болары анық. Мүмкін болашақта бізге аса қымбатқа түсетін биотазарту станциясының құрылысы қажет болмас.

Биологиялық тазарту станциясы кемінде 45 млрд теңге тұрады. Ал хлорелланың бір текше метрі миллион теңгеге бағаланады. Жалпы Қостанай үшін 300 тонна балдыр жеткілікті деп отыр мамандар.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров