Түркістан облысында жастар несиені ауыл шаруашылығына бағыттамақ

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жастарға берілетін 2,5 пайыздық несиені алу тәртібі түсіндірілді.

Қазіргі таңда ауданда 40-қа жуық жас 5 млн теңгеге дейінгі микрокрдедитті алуға ниет білдіріп отыр.

2,5 пайыздық несиені алуға ниеттілерлердің бірі – Өмірбек Бекішов. Ол өткен жылы 1 млн 125 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болған. Тірліктің көзін таба білетін жас оған шағын жылыжай ашып, қияр еккен. Қазір дайын өнімді сатып, пайдасын көріп жатқанын айтады.

Өмірбек Бекішов, Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны:

- Күніне 300-400 келі қияр алып жатырмыз. Оны 600 теңгеден сатып жатырмыз. – Қанша сотық жылыжай? – 4 сотық жылыжайымыз бар. 2,5 пайызға құжат жинап жатырмыз. Осы 5 млн теңгені алып, бизнесімізді ұлғайтсақ дейміз.

Мамандар ауыл-ауылды аралап, жастарға бағытталған 2,5 пайыздық несиені қалай алуға болатынын түсіндіріп жүр. Алайда олар, бұл мүмкіндікті пайдаланғысы келетіндердің көбі бұған дейін 1 млн 125 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алып, пайдасын көргендер екенін айтады.

Сүндет Кенжебаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

- Қалғандарын білесіздер, «ой оған залок жоқ»,-дейді біріншісі. Екінші көбісі еріншетік болып жатыр. Бірақ біз барынша көз жетуізуге тырысып жатырмыз. Жастарға арналған несиені алу үшін бірінші – кепілге үй болу керек. Одан кейін бизнес жобасы болу керек. Кредиттік тарихы – төлемей қалған қарызы 90 күннен аспауы керек. Гарант адам болуы тиіс. Қалғаны ХҚКО мен банктен бітеді.

Мамандар бүгінге дейін ауданда 40-қа жуық жас өтінім бергенін айтады. Олардың дені мал бағу мен егу салуды көздеген. Сондықтан мамандар жастарға облыстың ерекшелігін ескере отырып, тың әрі инновациялық жобалардың да тиімділігін түсіндіруде. Оның ішінде кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарды қолдауға ерекше назар аударылып отыр.

Жалпы Түркістан облысы бойынша 600 жасқа жеңілдетілген шағын несие беру мақсатында 2,9 млрд теңге қаржы қаралған.  Қазіргі таңда 155 жоба қабылданып, 25 жоба арнайы комиссияның қарауына жіберілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов