Қарқаралының қасқа сиыры сән журналының басты бетінде жарқ етті

Қарқаралының қасқа сиыры бір-ақ күнде «жұлдыз» болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыстан көтерем шыққан мүйізді жануарды көршісі суретке түсіріп, әлемдге әйгілі сән журналына жолдаған. Редакция фотоны үздік деп бағалап, басылымның бірінші бетіне жариялапты.

Мал иесі Мәулен буаз сиырын ерекше күтімге алған. Күндіз өрістен келсе де, кешкілік қосымша шөп салып, бордақылап жатыр. Сән журналынан жарқ ете қалған Зояны бұзауынан өзі бағып өсіріпті. Бұйырса биыл үшінші рет төлдейді.

Мәулен Мұсабеков, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

- Өзіміз де таңғалдық. Сиыр осылай журналға шығады деп кім ойлаған енді?! Бөлмейміз ғой. Барлық мал бірдей. Бәріне бірдей береміз. Былтыр 1 маусымда бұзаулаған, өзі сол уақыттарда бұзаулайды. Енді ойлап отырмыз, мамыр айының аяғында бұзаулай ма деп.     

6 жасар Зояны әп-сәтте жұлдыз қылған – Карина Кирина. Ол – кәсіби фотограф. Ерте көктемде көше бойлап келе жатып, қыстан көтерем шыққан көршісінің сиырын көріп, суретке түсіріп алған. Кейін оны әлемге әйгілі сән журналдарының біріне жолдайды. Қызық болғанда, олар қыс тақырыбмен басылымның басты бетіне жариялаған.

Карина Кирина, фотограф:

- Сән журналы аптасына тек бір рет, дүйсенбі күндері екі фотодан қабылдайды. Мен бірінші рет жібердім және бірден басып шығарды. Бұл – мен үшін үлкен жетістік. Енді олар жариялаған суреттердің арасынан үздіктерін іріктеп, Еуропа қалаларында көрме ұйымдастырады екен. Бәлкім, сол тізімге де ілігіп қалар. 

Каринаның бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылға жуықтаған. Негізінен табиғатты, жан-жануарларды түсіргенді ұнатады екен. Сондай суреттерінің тағы біразын журналған жолдаған. Бірақ әзірге жауап болмапты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.

Сондай-ақ...