Шығыста соғыс ардагерлері азайып барады

Шығыс Қазақстанда Жеңістің 78 жылдығын Ұлы Отан Соғысының 17 ардагері қарсы алды.

Қарт жауынгерлердің қатары сиреп барады. Дегенмен, майдангерлердің де, тыл еңбеккерлерінің де ерлігін кейінгі ұрпақ​ ұмытпайды. Өлкеде Жеңіс мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар осының айғағы. 

Аймақ ардагерлеріне​  қандай құрмет көрсетіліп жатыр?

Эльмира Ахметова, тілші:

- Кеудесі орденге толы қарт жауынгерлердің саны саусақпен санарлық. Ендеше осы  көзі тірілеріне лайықты құрмет көрсету, өткен өмірін, көрген қиындығын насихаттау, үлгі ету бүгінгі ұрпақ бізге аманат. Өйткені өлкеде қалған майдангерлер мен тыл ардагерлері​ соғыстың да, Жеңістің де құрыштан құйған куәгерлері деуге болады. Олардың бойында естелік те, ерлік те, төзімділік те, тарих та тұнып тұр. Жеңіс мейрамы облыста сол тарихқа толы әндермен басталды.

Бүгінгі күн әсіресе трамвайға отырған жолаушылар үшін ерекше болды. Өйткені қаладағы өнер ұжымдары осы көліктің ішін соғыс жылдарында айтылған, жеңіске арналған әндермен әуелетті. Тұрғындармен бірлесе ән шырқады. Айта кету керек, Өскемен осы рельсті транспорт сақталған аз қалалардың бірі.

Сонымен қатар гүл шоғын қою рәсімі де өтті. Даңқ мемориалына ағылған​ халық көп. Өлкеде 17 соғыс ардагері қалса, 6 мыңнан аса тыл ардагері бар. Кейбір дерек бойынша​ 96 мыңға жуық шығыс қазақстандық соғыс жылдары ұрыс даласынан оралмапты. Осы ел шығысынан​ 109 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды, 24 адам кеудесіне Даңқ орденін тақты. Талай батыр шықты.

Бүгін облыстағы түрлі сала қызметкерлері​ де қарап қалмады. Өнерлі құтқарушылар жиналып, ансамбль құрып ардагерлерге ән жырдан шашу шашты. Ал Ұлттық ұлан сарбаздары болса, бұл күндері күш-жігерін сынға алды. Қатардағы жауынгерлер, офицерлер, сержанттар жалпы 100 жігіт осы қаладағы Ертіс жағалауын бойлай яғни 10 км жүгіріп өтті. Бұл шараны Жеңістің 78 жылдығына арнады.

Ал ең маңызды шара мінеки біз тұрған​ жерде болып жатыр. Дала асханасы жайылды. Жылдағыдай солдат ботқасы пісірілді. Екі мың адамға шақтап бірнеше қазан отқа қойылды. 15 адам бұл мәзірді дайындауға қатысыпты. 80 келі бұқтырылған ет, 10 келіден астам пияз,150 келі қарақұмық қолданылды. Бұл ботқаның дайындау құпиясы не және не үшін осындай құрамда әзірленеді?

Наргиз Гатауллина, 27943 әскери бөлімінің аспазы:

- Солдат ботқасы нағыз жауынгерлерге арналған тағам. Ол тез дайындалады және ең бастысы, сарбазға күш береді, иммунитетін көтереді. Енді мен осы әскери бөлімге келгеніме көп болмаса да үйреніп қалдым. Негізі мысалы, оны жасағанда майы көбірек болу керек. Сарымсағы да көп болса жақсы Біз күнбағыс майы мен сары майды қосып істедік. Өте жұмсақ, нәрлі болып шықты. 

- Облыста​ 190 шара өтіп жатыр, жеңіс мейрамы бүкіл ауыл аймақты қамтыған. Кешке осы жерде "Шырақ жағу"​ дәстүрлі акциясы өтеді.