Қазақфильм киностудиясы М. Мәметова туралы жаңа фильм түсірді

Қазақфильм киностудиясы «Менімен сөйлес, Мәншүк» атты деректі фильм түсірді.

Картина Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың өмірі мен ерлігін баяндайды. 

Режиссер Мансұр Баймұхамбетовтің айтуынша, пулеметші қыздың бейнесі бұған дейін де талай экранға шыққанмен, бұл жолғы фильм өзгеше түсірілген.  

Деректі фильмның жанры «мүмкін емес сұхбат» деп аталады. Кадрда басты кейіпкер – Мәншүк Мәметованың өзі жоқ. Көрермен оның дауысын ғана естиді. Картина Оралда, Алматыда  және Ресейдің Невель қаласында түсірілген. Фильм  батыр қыздың анасы мен жақындарына жазған хаттарына негізделген. Осы арқылы көрермен кейіпкер оның жан дүниесіне үңіледі. 

Серік Ибраев, фильмнің атқарушы продюсері:

- Фильм Мәншүк Мәметованың өзі түсірілмегендіктен, біз Мәншүктің өзімен сөйлескендей болып, хаттары арқылы көрсетпекшіміз. Хаттарды компьютерлік дауыс арқылы дыбыстаймыз. Бұл киноның түйіні ата-бабаларымыздың аруағын ұмытпау. Не үшін күрескенін ұмытпау. Өз еліне патриот болу.

Түсірілім тобы Мәншүк Мәметова қайтыс болған ұрыс даласында болды. Сонымен қоса картинада «Гвоздика» іздестіру-құтқару жасағының, өзі оқыған мектеп оқушыларының сауалнамасы мен  музей қызметкерлерінің  қызықты сұхбаты бар.

Әлия Еркінғалиева, М. Мәметова мемориалдық мұражайының қор сақтаушы:

- Өзінің тумаларының айтқанын еске алатын болсақ, Мәншүктің 5 жасында қылқындырып, жыланды ұстап алғанын, Оралда лагерьде деамалып жүрген кезінде қасындағы құрбысы суға батып бара жатқан кезде өзі жүзуді дұрыс білмесе де, суға секіріп ақырында екеуін бірге құтқарған. 

Еске сала кетейік, Мәншүк Мәметова 1943 жылдың күзінде Невель қаласын азат ету барысында ауыр жарақаттанады. Соған қарамастан пулеметші қыз жаудың 70 сарбазын жер жастандырып, ерлікпен көз жұмды. Ол 1922 жылы бұрынғы Орал облысы Бөкей Ордасы ауданында дүние келген. Шын аты Мәнсия, анасы еркелетіп Моншағым деп атаған.

Аяла Ғалиева, М. Мәметова мемориалдық мұражайының таныстырушысы:

- Үлкендер келіп, сенің атың кім деп сұраса Мәнсия дегенге де, Моншақ дегенге де тілі келмей, қысқартып менің атым Мәншүк деп айта салатын болған. Сөйтіп, тарихта Мәншүк деген атпен қалған. Батыр қыз өзінің атын өзі қойған.

Қазір түсірілім аяқталып, монтаждау-әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Деректі фильм осы айдың соңында дайын болады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев