Қарағанды облысында алаяққа алданғандар көбейді

Қарағанды облысында жыл басынан бері шамамен мың адам жалған банк қызметкерлеріне алданып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейресми дерек бұдан да көп болуы мүмкін. Алаяқтардың ең танымал әдісі қандай? Олардан қалай қорғану керек?  

Алена Чжан ірі компанияның қаржы саласында жауапты жұмыс істейді. Бірақ айласы асқан алаяққа алданып қалғанын ақшасы қайтпай қалғанда ғана білген. Жер үйде тұратын ол жарнама сайттарының бірінен өте төмен бағада қоршау салатын хабарламаға тап болады. Артынша 300 мың теңге кепіл ақша жібереді.

Алёна Чжан, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Оны әккі сиқыршы дерсіз. Өзіне сендіре біледі екен. Үйге келді де, аумақты өлшеді. Жұмыс құны шамамен 1 млн теңге шығады, - деді. Басқаларымен салыстырғанда едәуір арзан екен. Өзі өте келісті киінген, сөзі нық болғандықтан, еш күмәнсіз ақшаны аудара салдым. Ол маған жалған келісімшартын берді де жоқ болды. Ұшты-қилы жоғалған соң барып, полицияға хабарластық.

Аленаны алдаған жалған кәсіпкердің дәл осындай тағы 30 іске қатысы бары анықталған. Оны кейін прокурорлар дәледепті. Күдіктіге қатысты қазір сот процесі жүріп жатыр. Қадағалаушы орган өкілдері жасалатын қылмыстың шамамен 30%-ке жуығы алаяқтық бабына келетінін айтады.

Нұрбек Қозыбақов, Әлихан Бөкейхан ауданы прокуратурасының қылмыстық қудалау бөлімінің прокуроры:

- Алаяқтықтың ең танымал түрі жалған банк қызметкері болып хабарласу. Олар нағыз психологиялық әдісті қолданады. Қызметтік куәліктің суретін жібереді де, адамды сендіреді. Мобильді банк қосымшаларын көшіртеді де, несие алдыра береді. Олар қазір банктің мөрі басылған анықтамаларды да жіберетін болған. Яғни, алаяқтардың әдісі де жыл сайын жаңарып келеді.

Психологтар болса алаяқтар адамның сезімі мен эмоционалды жай-күйін мықтап біліп алған дейді. Олар тіпті қай жастағы адамға қашан хабарласу керектігін де біледі. Осының нәтижесінде қылмыскерлер жымысқы ойын жүргізе береді.

Ольга Пенькова, психолог:

- Сіздің аты-жөніңізді айтып, нық сөйлеп тұрған кезде адам қалай сеніп қалғанын білмейді. Кейін ол сізге ойлануға мұрша бермей, үсті-үстіне сұрақты төпелете береді. Бұл адамның базалық эмоциясына шабуылдау деп аталады. Яғни, адамды үрей билеп, ақылға жүгінуден қалады. Алаяққа керегі осы. Адам ақылдан адасқан кезде не айтып, не қойғанын білмей қалады. Сондықтан адам іштен 5-ке дейін, кейін қайта кері санап, өз-өзіне келіп алғаны дұрыс.

Бір қызығы банкке тиесілі деректемелер алаяқтардың қолына қайдан түсіп жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Белгілісі қарапайым халық арасында ең болмаса алаяқтармен әңгіме-дүкен құрғандар, тіпті алданғандар жетіп жатыр. Сорақысы, олардың барлығы шағымдана бермейді. Демек нақты факт статистикадан гөрі әлде қайда көп болуы мүмкін.

Тұрғындар:

- Болапды ондай, неше түрлісі хабарласады, бірден тастай саламын. Балаңызды милиция ұстап алды, түрмеге жаппақ деп айтады. Ал ол менің қасымда отырған. Сосын жоқ деп айтып, тастаймын.

- Менің өз басымда болды. ҰҚК-ның лейтинантымын деп, фамилиясын бәрін айтады. Мен басында білмеймін ғой, оны танымаймын десем, сізге біреудің атынан ақша аударған дей ме, соны алу керек деп. Оны баламнан сұрап білейін деп айтқам. Балама айтқам, ол оған сенбе деді. Бірнеше рет болды. Тіпті бас ҰҚК, банкте істеймін деп айтады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Алаяқтықтың ең танымал жолы жалған банк қызметкері болып хабарласу. Осы әдіс қарапайым халыққа қанша айтылып жатса да, тірнектеп жинақтағанын бере салатындар көп. Мысалы, прокурорлардың өзі алаяқтың белгілі бір азаматты 3-4 сағат бойы алдап, ақырында мойнына 4 банктен несие алдырғанын айтып қайран қалып отыр. Сондықтан азаматтардың әр ұсынысқа барынша сақ қарағаны абзал, - дейді олар.